Риддер қаласында тұрғындарға коронавирусқа қарсы екпе салу қарқыны жоғары

Бірінші кезекте тұрған дәрігерлер мен педагогтардан бөлек, өзге тұрғындар арасында да вакцина алуға ниет білдіргендер қатары қалың. Қазіргі таңда 6 мыңнан астам (жалпы – 6280, екінші компонент алғандар – 3535), адам вакцина алып үлгерді.

Фото взято с сайта dw.com

Таң ата сала екпе пункттерінде тұрғындар кезекке тұруда. Жартысы алғаш екпе алуға келсе, енді жартысы екінші компонентке кезекке тұр. Әсіресе, орта жастан асқан тұрғындардың қатары қалың. Солардың бірі Қанатбек Түгелбаев. «Дәрігерлер барлығын түсіндіріп барып екпе сады. Енді 21 күннен кейін келіп, екіншісін алуға болады. Мұқым дүниежүзі алып жатыр ғой. Кейбіреулері қорқа қарайтыны рас. Елдің бәріне айтарымыз, халық үшін жасалған нәрсе ғой. Сол үшін қатарластарымды, жастарды екпеге шақырамыз» дейді риддерлік азамат.

Дәрігерлердің айтуынша, бұл тұрғындардың сенімінің белгісі. Сонымен қатар, әр азаматтың жауапкершілігінің көрсеткіші. Өз кезегінде ақ халаттылар кезекті көп күттірмей, тұрғындарға екпені барынша жылдам салуға тырысатындарын жеткізді. Риддер қалалық ауруханасының бас дәрігері  Гүлнар Кітапбаеваның айтуынша, екпе алғандардың басым бөлігі дәрігерлер, педагогтар, полиция қызметкерлері мен әлеуметтік қызметкерлер. Олардың қызметтері тікелей тұрғындармен жұмыс істеуге байланысты болғандықтан көпшілігі жауапкершілікті түсіне отырып, вакцина алуға қуана келуде.

«Қазіргі уақытта қаламызға 7 мың доза вакцина келді. Біз «Гам-Ковид-Акц» және «Хаят-Вак» вакциналарын егудеміз.Осылайша, 6 мың адам екпе алып үлгерді. Әрине, кез-келген вакцинадағыдай алғашқы үш күнде кейбіреулердің дене қызулары көтерілді және аздаған ауырсыну болды. Алайда, соншалықты ауырған адамдар болған жоқ. Қаламызда ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін біз міндетті түрде барлығымыз екпе алуымыз керек. Осылайша, түрлі себептермен вакцина ала алмайтын адамдарды да қорғаймыз. Олардың ішінде балалар, жүкті әйелдер бар», - дейді Риддер қалалық ауруханасының бас дәрігері Гүлнар Кітаппаева.

«Вакцина алар алдында дәрігерлер тексермейді» деген әңгімені жиі естуге болады. Дегенмен, он шындыққа жанаспайды» дейді ақ халаттылар. Екпе алар алдында да, алып болғаннан кейін де әрбір азамат бақылауда болатынын жеткізді. Бүгінде Риддерде 12 екпе пункті жұмыс істеп тұр. Оның 4-і емханаларда болса, 6-ы кәсіпорын аумағында орын тепкен. Сондай-ақ, жылжымалы медициналық пункттерде де бір-бірден орналасқан