Өскемендегі көпсалалы онкология және хирургия орталығы жаңартылған корпустың тұсауын кесуге әзірленуде. Еске сала кетейік, өткен жылдың мамыр айында аталған нысанда жөндеу жұмыстары басталған еді. Қазір қолға алынған жұмыс аяқталуға жақын. Жуықта аурухана науқастарды қабылдауға дайын болады.
Онкоорталықтың екінші корпусын жаңғырту үшін палаталар жаңартылып, заманауи құрылғылармен жабдықталды. Бұл жұмыстарға «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасымен республикалық бюджеттен 3 миллиард теңге бөлінген. Жоба халықаралық стандарттарға сай етіп жасалған.
«19 палата орналасқан. 19 палатада шамамен 25 адамға орын дайындалған. Олардың көбі бір орынға лайықталған. Екі-үш адамға арналғандары да бар. Барлығына жаңа құрылғылар қойылған. Азот, оттегі, арнайы медициналық газдар бөлмелерге қосылған», - дейді мердігер компанияның өкілі Нұрлан Сарин.
Ота жасау және орталық-залалсыздандыру бөлімдері бірінші қабаттан бесінші қабатқа көшірілген. Өз кезегінде бұл ота залының санын бесеуге дейін арттыруға септігін тигізді. Ал, залалсыздандыру бөліміне жаңа қондырғыларды орнатуға ыңғайлы болды.
«Мәселен, ота аяқталғаннан кейін құралдар бірден жуғыш машинаға түседі. Болған соң залалсыздандырылады. Яғни, барлық талаптар қатаң сақталады. Ал, жаңа құрылғы медициналық құралдарға инфекция түсіп кетуіне қандай да жағдай болмасын жол бермейді. Міне, бұл өте маңызды», - дейді ШҚО көпсалалы онкология және хирургия орталығы директорының орынбасары Арман Мұқажанов.
Ғимарат ішінде тағы бір жаңа қондырғы тұр. Оның көмегімен онкологиялық аурулардың диагнозын барынша дәл анықтауға болады. Сондай-ақ, бүгінде қашықтан сәулелендіру терапиясы мен радиохирургиялық ем жасауға мүмкіндік беретін желілік жылдамдатқышты орнатуға дайындалуда. Тағы бір айта кетерлігі, аймақтық кешенді жобаның аясында онкоорталықтың 37 маманы Ұлыбритания, Франция, Италия, Израиль, Түркия сынды елдердің үздік емханаларында тағылымдамадан өткен. Биыл желілік жылдамдатқышпен жұмыс істейтін алты қызметкер тағылымдамаға жіберілмек.