ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Үкімет медициналық көмектің өзге түрлерін де көрсетуді ұмытпауы тиіс. Ана мен бала денсаулығын қорғау – негізгі басымдықтың бірі» деді Мемлекет басшысы. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда нәресте өлімінің көрсеткіші 3 пайызға төмендеген. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой халық алдында есеп беру кездесуінде айтты. Министрдің айтуынша, 2020 жылдың қорытындысы бойынша нәресте өлімінің көрсеткіші 3%-ға төмендеді, ал керісінше бала туу көрсеткіші 3 пайызға өскен.
Өскемендегі Ана мен бала орталығы мамандары уақытынан ерте босанған әйелдердің жағдайын қалыпқа келтіріп, шала туған шақалақтарды адам қатарына қосу жолында жоғары нәтижеге қол жеткізіп келеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес, шала туған шақалақ санатына жүктіліктің 37 аптасына дейін туған балалар жатқызылады. Бұл мерзімде дүниеге келген сәбилер дене салмағына қарай төменгі, өте төменгі және экстремалды төменгі салмақтағы болып үш түрге бөлінеді. Тіпті 22 апталық, салмағы 500 грамды құрайтын шақалақтар да бар.
Өткен жылдармен салыстырғанда облыста ана мен бала өлімі айтарлықтай төмендеген. Салмағы жарты келіден асар-аспас шақалақтар өз бетінше демалып, қоректенуге бейімделмейінше дәрігерлердің жіті назарында болады. Инкубатордың ішінде жатқан алақандай ғана бүлдіршіндерді дәрігерлер «өсіреді». Мейірімдерін төгіп, әрқайсысына жеке дара көңіл бөледі. Кувез деп аталатын осынау аппараттың дүние жүзі бойынша теңдесі жоқ. Ішіндегі балаға ана жатырындағыдай жағдай жасалған. Ылғал мен ауа реттеліп отырады.
«Біз 500 граммнан бастап балаларды өсіреміз. Яғни салмағы кішкентай болған сайын олардың нәрестелерді қарқынды емдеу бөліміне жатуы, ары қарай келесі бөлімге ауысуына 1 айдан 4-5 айға дейін уақыт қажет. Кішкентай ғана шақалақ бала үлкен болып өскен кезде өте ыстық болады. Оны өсіру қазіргі заманға сай орталық барлық аппараттармен, кувездермен қамтамасыз етілген», - дейді дәрігер неонатолог Дархан Сәтбаев.
Жыл сайын шала туылатын сәбилер саны артып келеді. Мамандардың біліктілігі мен медициналық құрылғылардың озықтығы арқасында шақалақтардың өмір сүру деңгейі де артып отыр. Медицина үшін бұл зор жетістік. Ал осы бағытта қызмет етіп жатқан дәрігерлердің миссиясы аса маңызды.