«Сындарлы 30 жыл – 30 асу»: Өскемендегі тарихи корме қала тұрғындарының назарында

Ел ертеңі кемел болуы үшін бүгінгі ұрпақ өткенін ұмытпағаны абзал. Сол себепті, тарихты насихаттап, білімді жастарды тәрбиелеу қашан да маңызды. Пушкин атындағы облыстық кітапхана ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Сындарлы 30 жыл – 30 асу» атты көрме-экспозицияны көпшілік назарына ұсынуда.

Тәуелсіздікке дейінгі халқымыздың жүріп өткен жолы өз алдына бір тарих. Ұлт тағдыры сынға түскен заманда қабылданған ұтқыр шешімдер мен жасалған батыл қадамдарды бүгінгі өскелең өрендер білуі қажет. Осы мақсатта қаланың белсенді жастары Қазақстан Тәуелсіздігіне арналған көрмені тамашалады. Кітап оқитын жастар аз дегенді жиі айтамыз. Дегенмен, «мұндай құнды көрмелерге жас көрермендерді тарту үшін заманауи әдістер керек» дейді белсенділер. Мәселен, коворкинг орталықтары арқылы жастардың қызығушылығын ояту ісі қолға алынған.

«Осындай кітап көрмелерін ұйымдастыруда тоқтап қалмауымыз керек. Жастарды көптеп тартуымыз қажет. Шаралар легін қызықтырып, заманауи әдісте жүзеге асыру аса маңызды. Бұл көрменің жастар санасына, олардың дамуына тигізіер ықпалы зор деп ойлаймын» дейд «Жас Отан» ЖҚ ШҚОФ төрағасы Алмас Айтмұқаш. Ал ШҚО «Жаңғыру жолы» жастар штабының төрағасы Равиль Юнусов «Бұл жәй ғана көрме емес, мұнда құнды ақпарат, тың мағлұматтар бар. Әсіресе, ынтымақтастық тақырыбына жазылған туындыларды көзімізге оттай басылды. Елбасымыз айтқандай, болашаққа қадам басу үшін өткен тарихыңды білуің шарт. Ал көрмеге қойылған кітаптардан жастарымыз бойына игі қасиеттерді сіңіре алады деген сенімдемін. Ел ертеңі жастардың бұл іске қызығушылығы келешегіміздің кемелдігін дәлелдейтіндей» деген пікірде.

Көрмеге қойылған кітаптар, расымен бірегей туындылар. Кітапхана қорындағы сирек кездесетін кітаптар келушілер назарына ұсынылған. Саясат, экономика тақырыбында жазылғандары, сонымен қатар әдеби шығармалар да бар. Сонау Алаштан бастау алған тарихымыз айқындалған зерттеулерді де көруге болады. Бірегей басылымдар оқырмандарды дипломатия тарихымен таныстырып, тәуелсіз мемлекеттердің мәдени-экономикалық өзара байланысы туралы баяндайды. Экспозицияға тарихи маңызды құжаттар мен белгілі саясаткерлердің монографиялары да қойылған. 

«Бұл жерде тек қана саяси кітаптар ғана емес, әр түрлі ТМД жазушыларының әр түрлі серияларымен шыққан әдебиеттер де ұсынылып отыр. Абай Құнанбайұлы шығармалары әлемнің 50-ге жуық тіліне аударылды. Соның бірнеше тілге аударылған томдықтарын біз көрмеге қойдық. Ол томдықтың ерекшелігі - ақынның басқа ұлт өкілдерінен аударған аудармалары да еніп отыр» деді кітапханашы Арайлым Иманжанова. Сындарлы отыз жылдағы белестермен танысамын деген әрбір қала тұрғыны үшін көрме-экспозиция жыл соңына дейін ашық.