Шығыс Қазақстанның шалғай ауылында жаңа өндіріс іске қосылды

Өңір экономикасын көтерудің бір амалы - өзін және өзгелерді жұмыспен қамтуға қауқарлы кәсіпкерлерге жол ашу. Аталған істе мемлекет қолдауы көрсетуге әзір. Түрлі мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асып, бизнеске көрсетіліп жатқан қаржылық қолдау сөзіміздің дәлелі. Шығыс Қазақстан облысындағы Аягөз қаласында ас үй техникаларын құрастырумен айналысатын арнайы цех жұмыс істей бастады.

Жақында ғана іске қосылған өндіріс ошағы бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр. OIVA компаниясы – Қазақстан аумағындағы фирмалық тұрмыстық техниканың алғашқы өндіріс көзі.

Өнеркәсіп ұжымы бүгінде еліміздегі тұрмыстық техникаларды дайындау және сату бойынша жетекші компаниялар сапына ұмтылуда.

Жеке кәсіпкер Мұрат Ешенәлиевтің бастамасымен аталмыш өндіріс Аягөз қаласында да жұмысын бастаған болатын. «4-5 түрлі техниканы құрастырып жатырмыз. Негізгі дүниесінің бәрі Турциядан жеткізіледі. Бұл алғашқы бастама ғана. Тіпті, Ресейден хабарласып жатқандар бар. Алдағы уақытта кәсібімізді кеңейтіп, үлкен цех салу жоспары бар» дейді кәсіпкер. Техникаларды құрастыру жұмыстарының басталғанына көп уақыт болмаса да, цехта 6 инженер жұмыс істейді. Барлығы да жергілікті тұрғындар. Инженерлерді түрік елінен келген маман үйретіп, жұмысқа бейімдеген. Қазір кәсіпті өз мамандарымыз дөңгелетіп отыр. «Жұмыс қызықты» деп, ұжым құлшына еңбек етуде.

Аудан орталығында құрастырылып нарыққа бет алған өнімнің сапасы мен бағасында да тиімді тұстар көп. Мекеме менеджерлерінің айтуынша өнімнің басқа техникалардан артықшылықтары басым. Газды бақылайтын құрылғы қоса орнатылады. Мұның маңызы зор. Себебі, бет албаты жану болған жағдайда газ-бақылау жүйесі арқылы автоматты түрде сөндіріледі. Кейін газдың таралуын тежейді. Міне, бұл бағыт жұмыстың артықшылығы саналады. Аталмыш цех алдағы уақытта жұмыс аясын кеңейтіп, өнімдерін ел көлеміне шығаруды жоспарлап отыр.