Катонқарағай ауданында спорттық сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде

Экономиканың негізгі бағыттарының бірі – құрылыс саласын жандандырып, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық ахуалын арттыру мақсатында атқарылып жатқан істер аз емес. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысындағы шекара шебінде жатқан Катонқарағай ауданының Катонқарағай ауылында спорттық сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Мұнда алдағы уақытта шағын футбол залы, бірнеше жекпе-жек түрлерімен және күреспен айналысуға мүмкіндік беретін залдар салынбақ.

Құрылысы басталған нысандар болашақта ел игілігі үшін жұмыс істейді. Былтырғы жылдың шілде айында іргетастары қалана бастаған. Биыл қыркүйек айына дейін аяқталады. Құрамында спорт кешені және бассейн бар. Спорт кешенінің жалпы ауданы 1200 шаршы метр. Құрылыс аумағы 8200 шаршы метр. Ал, бассейннің аумағы 1200 шаршы метр. Жалпы аумағы 5600 шаршы метрге тең.

Жоба құны - 748 млн теңгені құрайды. Бұл құрылыс нысанына қаражат толығымен бөлінген. Қазіргі уақытта жұмыстар жүргізіліп жатыр,- дейді жергілікті әкімдік өкілдері.

Ауданда 153 спорттық ғимарат бар. Оның ішінде 1 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 37 спортзал, 2 спорт кешені, 19 хоккей алаңы мен 52 спорт алаңы жұмыс істейді. Сондай-ақ, 1 тир мен 40 футбол алаңы және 1 шаңғы базасы тұрғындар пайдаланылуына берілген. Салынып жатқан кешен тағы бір жаңа нысан болмақ. Құрылыс учаскесінің басшысы Уәлибек Тайбосынов спорттық сауықтыру кешенінің құрылысы 2020 жылы тамыз айында басталғанын айтты. «Қыс кезінде 4 ай тоқтап тұрды. Қазір қайтадан жұмыс жанданып жатыр. Мұнда шағын футбол залы, бокс, күрес залы, екінші қабатта жаттығу залы болады, дейді жауапты маман.

Құрылыс алаңында 21 адам жұмыс істеп жүр. Жұмыскерлердің негізгі құрамы ауыл адамдары. Жаңа кешенді салудың арқасында жаңа жұмыс орындары да пайда болды. Учаскі басшысы жұмыс барысы қалыпты екенін айтады. Жоба бойынша бассейннің тереңдігі 1,85 м-ге жетеді. Таяз жері 1,25 м-ге дейін. Мұнда су ауылдағы құбырдан толтырылады. «Ұзындығы 25 метр, ені 8,5 метр. 4 жолақты болады. Бассейнді бірінші рет салып тұрмы. Қиындықтар кездесті, дегенмен барлығын еңсеріп келеміз. Бассейінді салу үшін мердігерлік компания Көкшетаудан келеді. Құрылғыларын барлығын сол кісілер орнатып береді» дейді құрылыс учаскесінің басшысы. Қазіргі уақытта спорт нысандарына қажет қондырғылар қойылуда.

Мамандардың айтуынша құрылыс жұмыстары жауапкершілікпен атқарылуда. Бассейн дайын болғанда арнайы мамандар келіп қосады.