Оңтүстікте барлық этностардың жағдайы бақылауда

Оңтүстік Қазақстан облысында түрлі этнос өкілдерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайы, этносаралық қатынастар мәселесі «Қоғамдық келісім» КММ тарапынан бақыланып, зерттеліп отырады.

Фото: assembly.kz

Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Е.Байқонақов мәлім етті.

Аталмыш мекеменің этносаралық қатынастар саласының ахуалдық мониторингі және талдау бөлімі ғылыми зерттеулерді үйлестіру және әдістемелік әзірлемелер бөлімімен бірлесе отырып 21 шілде мен 28 қазан күндері аралығында 4 тақырыпта 6970 респондентке арналған социологиялық сауалнамалар жүргізген.

Мәселен, 2015 жылғы 21 шілде мен 5 тамыз күндері аралығында «Жергілікті жерлердегі түрлі этностар өкілдерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайы» (290 респондент), 2015 жылғы 18 тамыз бен 3 қыркүйек аралығында «Облыстағы этносаралық қатынастар мәселесі» (1670 респондент), 2015 жылғы 22 кыркүйек пен 2 қазан күндері аралығында 3340 (екі тақырыпты қосқанда) респондентке арналған «Түрлі ұлт өкілдерінің патриоттық деңгейі» және «Қоғамдық-саяси жағдай және өзекті мәселелер», 2015 жылғы 19-28 қазан күндері аралығында «Облыстағы этносаралық қатынастар мәселесі» (1670 респондент) тақырыптарында барлық қала, аудандарда социологиялық сауалнамалар жүргізілген. 

«Осы сауалнама нәтижесінде облыстағы этносаралық қатынастар мәселесін, олардың экономикалық әлеуметтік жағдайы, патриоттық деңгейі секілді мәселелерді қадағалап, бақылап отырамыз. Қазақстан Кеңестер одағы тұсында «халықтар достығының лабораториясы» деген атаққа ілініп, кез келген Кеңестік Социалистік Республиканың азаматы үшін өмір сүруге, шығармашылықпен айналысуға, елдің азаматы болуға қолайлы мекенге айналды. Еліміз бүгін де сол қалпынан танған жоқ. Алайда, қазіргі Қазақстан жағдайында этносаралық қатынастарды үйлесімді мағынада өрбіту қажеттілігі бар екені даусыз. Тек оны басқа этникалық мәдениет үлгілерінен Қазақстанның негізгі ұлты – қазақтардың құндылықтар әлемін оқшаулау арқылы емес, қайта басқа этнос қауымдастықтарының  мәдени кеңістігіне жақындату арқылы жүргізу керек екені байқалады», - деп атап өтті Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Е.Байқонақов.