Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Жаршы» медиа холдингінің президенті Гули-Рано Расулова «Астана» радиосының «Бірлік» хабарында «Ел бірлігін сақтауда этникалық басылымдардың рөлі туралы» деген мәселе бойынша сұхбат берді.
Сұхбат барысында «Жаршы» медиа холдингінің президенті Гули-Рано Расулова этносаралық салада қызмет ететін журналистердің қоғамдағы этносаралық татулық пен келісімді нығайтудағы рөлі, этносаралық қатынастар мен мәдениетаралық үндестік саласындағы мемлекеттік саясаттың жетістіктерін жария ету, Қазақстанда өмір сүретін қазақ халқымен этностардың мәдениетін, салт-дәстүрін насихаттау, этносаралық келісім тақырыбын жариялаудағы қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі мен жауапкершілігін арттыру туралы айтып өтті.
«Этносаралық және конфессияаралық татулық Қазақстанның басты құндылығы және сол құндылықты сақтап, қоғамға сіңіре түсуде бұқаралық ақпарат құралдарының, яғни журналистердің рөлі ерекше»деді барысында «Жаршы» медиа холдингінің президенті Гули-Рано Расулова.
Сонымен қатар, ол қазақстандық басылымдар арасында «Психолог кабинетін» алғаш енгізген «Руханият дүниесі» газеті туралы айта келе, өз оқырмандары үшін бірқатар кеңес бере кетті.
Гули-Рано Расулованың айтуынша, «Психолог кабинеті» сынды кеңес беру айдары (немесе бұрышы) басқа басылымдарда бұрыннан бар. Ал газет редакциясынан психолог мамандарға арнайы кабинет бөліп, оқырмандар хаттарына жауап беру мәселесін мықтап қолға алған газет басшылығының бұл шешімі жас ұрпақ тәрбиесіне (суицид т.б.), отбасы құндылықтарынының сақталуына, қазақстандық патриотизмді дамытуда септігін тигізуде.
«Жаршы» медиа холдингінің президенті холдинг құрамындағы "Балалар әлемі" газетінің бала тәрбиесіндегі өлшеусіз еңбегі туралы да айта кетті.
Қаламы қарымды журналист, өз кәсібінің білгірі Гули-Рано Расулова журналист болуды армандайтын жас тыңдармандарға мақсатқа жетудің құпияларын айтып берді.
Осы және өзге де қызықты жайттар жайында «Бірлік» хабарының бүгінгі санынан тыңдай аласыздар.