Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасы бизнес-рейтинг Ұлттық Одағының - Азірбайжан, Беларусь, Грузия, Қазахстан, Ресей, Украина - анықтауы бойынша үздік деп танылды.
Сонымен қатар, еліміздің денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін және сапалы медициналық көмек көрсеткені үшін «Медицина мақтанышы» деген құрметті атаққа ие болды. Біздің дәрігерлер үлкен жетістіктерге жетті, өздерін нағыз маман ретінде дәлелдеді, халықаралық деңгейде жұмыс істей алатындықтарын көрсете білді.
Себебі елімізде аймақтар арасында алғаш рет Оңтүстік Қазақстан облысының дәрігерлері бүйрек және бауыр ауыстыру операцияларын сәтті жасады. Нәтижесінде медицина саласында табысты болып, іскерлік байланыстарын арттырды.
Сонымен, денсаулық сақтау саласындағы рейтингтің қорытындысы бойынша аталған ауруханаға Ұлттық сертификат пен «Гиппократтың ұлы ізі» («Великое наследие Гиппократа») деген медаль берілді. Ал осы аурухананың бас дәрігері Мади Хожаұлы Биғалиев «Медицина саласындағы үлесі үшін» орденімен, ал дәрігер реаниматолог-анестезиолог Оңалбай Нарманов «Сезімтал жүрек» («Чуткое сердце») медалімен марапатталды. Сонымен бірге бірнеше дәрігерге «2015 жылдың мамандары» деген Ұлттық сертификат табыс етілді.