Павлодарда С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада «Қазақстандықтар – Ұлы Жеңістің батырлары» кітабының тұсаукесері өткізілді, деп хабарлайды NewTimes.kz тілшісі.
Екі томдық туынды «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында партияның қоғамдық саясат институтының «Интеллект Орда» Халықаралық әлеуметтік гуманитарлық зерттеулерді интеграциялау институтымен бірлескен жұмысының нәтижесі болып табылады. Жобаның демеушісі – Еуразиялық Топ (ERG).
«Нұр Отан» партиясы Павлодар облыстық филиалының бірінші орынбасары Илья Теренченконың айтуынша, жобаның басты мақсаты – жас қазақстандықтар үшін өз елінің батырларының ерліктерін еске сақтау, олардан үлгі алу, Отанды қорғау, қазақстандық отансүйгіштікті тәрбиелеуді насихаттау. Бұл кітап – партия мен көптеген органдардың бірлескен туындысы. Басылымның шығуына өңірдегі белсенді азаматтар атсалысқан.
Аталмыш туындыда алғаш рет 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатысқаны үшін «Халық қаһарманы» атағына ие болған азаматтардың өмірбаяндарының жиынтығы ұсынылған. Соғысқа қатысқандар мен ардагерлердің ішінде «Халық қаһарманы» атағына тоғыз адам ие болды. Олар: Ресей қаһарманы Бейскбаев Бахтурас, Доспанова Хиуаз (Хыйуаз), Қайсенов Қасым, Қалмырза (Халмурзаев) Мәулен Реметұлы, Қошқарбаев Рақымжан, Кулаков Алексей Карпович, Кеңес Одағының Батыры Нұрмағамбетов Сағадат Қожахметұлы, Таипов Мурдин, Капорин Александр Емельянович.
«Өскелең ұрпақ тарихты, бейбіт күннің қандай жолмен келгенін білуі керек. Зұлмат жылдарда қаншама адам Отан үшін отқа түсіп, өмірлері қыршыннан қиылды. Олардың бар арманы кейінгі ұрпаққа тыныш өмір сыйлау еді», — деп Ұлы Отан соғысының ардагері Виктор Кудинов пен жұбайы тыл еңбеккері Евдокия Перепелкина өз естеліктерімен бөлісті.
Айта кетерлігі, «Қазақстандықтар - Ұлы Жеңістің батырлары» кітабының редакциялық алқасына Екінші дүние жүзілік соғысы және 1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысы тарихы бойынша Ресей мен Беларусь елдерінің беделді мамандары шақырылған. Аталмыш жобаның ойдағыдай іске асуына ҚР Парламент депутаттары, ҚР Қорғаныс министрлігі, облыстық, аудандық және ауылдық әкімдіктер, республикалық генералдар және ардагерлер кеңестері, мұрағаттар, кітапханалар және басқа да көптеген ұжымдар өз үлестерін қосқан. Сондай-ақ, жобаға шетелдік ресми ұйымдар, Ресей, АҚШ, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінің мемлекеттік және қоғамдық мекемелері мен азаматтары қолдау танытты.
Еске сала кетейік, 1941 жылы басталып төрт жылға созылған Ұлы Отан соғысында 600 мыңнан астам қазақстандық қаза тапты. Майданда қаза тапқандардың саны туралы мәлімет бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Жекелеген мәліметтер бойынша, адамзат тарихындағы бұл ең зұлмат соғыс 20 миллионнан астам кеңес азаматтарының өмірін қиған. 1 710 қала және 70 мыңнан астам село-деревнялар, 31 850 өнеркәсіптік кәсіпорын, 65 мың шақырым темір жол, 4 100 теміржол стансасы, 36 мың пошта-телеграф мекемесі, телефон стансасы және басқа да байланыс бекеттері жермен-жексен болған немесе жартылай қираған.