Павлодарда жазасын өтеген немесе апробация қызметінің тізімінде тұрған азаматтар бос тұрған 1000-ға жуық орынға жұмысқа орналаса алады, деп хабарлайды NewTimes.kz тілшісі.
Бұл туралы бүгін бос жұмыс орындарының жәрмеңкесінде Павлодар қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Лариса Кузьменкова мәлім етті.
«Павлодар қаласын іші істер басқармасының жергілікті полиция қызметі осындай шара ұйымдастыру туралы ұсыныс білдірген болатын. Сондықтан мұндай адамдарды қабылдауға мүмкіндігі бар жұмыс берушілерге хабарласып, «Еңбек-Павлодар», «Трамвай басқармасы», «Тұлпар» фирмасы, «Каустик» кәсіпорындары мен "Нұр" жеке кәсіпкерлігі шақырылды. Біз өз тарапымыздан «Д», «Е» категориясының жүргізушілері, бульдозер машинисі, ағаш ұстасы, тас қалаушы, электр дәнекерлеуші мамандықтары бойынша қайта даярлау топтарын қалыптастырамыз. Белгілі бір мамандықты игере алмағандар үшін арнайы курстар ұайымдастырылады. Олар «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша денсаулық сақтау, білім беру нысандары мен кәсіпорындарда қосалқы жұмыстарға, көріктендіру шараларына жіберіледі. 2015 жылы жүгінген 145 адамның 57-сі тұрақты, 19-ы әлеуметтік, 20-сы қоғамдық және 16-сы курстарға жіберілді», — деді Лариса Кузьменкова.
«Мұндай жәрмеңкелер темір тордың артында отырған азаматтар үшін қоғамға қайта бейімделіп, өз орнын табуға пайдасы зор. Қазірдің өзінде көптеген адамдар келіп жатыр. Экспедитор жүргізушісі немес агент болып қандай да бір мекемеге орналасқым келеді. Колледже алған арнайы орта білімім бар. Алайда аяқталмаған», — дейді Игорь Жиляк.
Айта кетерлігі, биылғы жылы мұндай жәрмеңке осымен екінші рет ұйымдастырылуда. Алғаш рет «екі қолға бір күрек іздеген» 132 адамның 25-і тұрақты, тоғызы әлеуметтік жұмысқа орналасса, жеті адам «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша қайта даярлаудан өткен. Бүгінгі келген азаматтардың барлығы тізімге алынып, жолдама беріледі және курстарға шақырылады. Сондай-ақ алдағы уақытта олардың заң бұзушылыққа жол бермеуі және тұрақты еңбек етуі зейнеткерлік төлемдер базасы арқылы тексерілетін болады.