Демалысқа шыққан қазақстандық депутаттар ел аралап, халықтың қал-жағдайымен танысып жүр, деп хабарлайды NewTimes.kz.
Алматы облысына ат басын бұрған Мәжіліс депутаты Амангелді Дәуренбаев Қарасай ауданындағы ауыл-аймақтың аужайымен танысты. Ардагерлерге арнайы сәлем беріп, ауыл ақсақалдарынан өңірдің тыныс-тіршілігі жайлы сыр тартты. Аудандық тарихи-өлкетану мұражайының жай-күйімен танысып, жергілікті тұрғындармен жүздесті. Бұдан соң Жамбыл ауданында сайлаушылармен кездесіп, мемлекеттік даму бағдарламасының орындалу барысын бағамдады. Басқосуда көптің көкейінде жүрген Жер кодексі мен үш тұғырлы тіл мәселесіне қатысты салмақты сауалдарға толыққанды жауап берді.
Сонымен қатар, Алматы облысына келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Үмбетов жұмыс сапары аясында Көксу ауданындағы бірнеше нысанды аралады.
Сапар барысында тұрғындармен пікірлесіп, ауыл-аймақтың жағдайымен танысып, елді мекендерді дамыту мен өркендетудің жаңа бағыттарын бағамдады.
Депутат «Уыз Май Industry» ЖШС-нен бастауды жөн көрді. 2010 жылы өз қолымен тұсауын кесіп, алғашқы өнімін көзімен көрген Серік Үмбетов алты жылдан кейін тағы да сол өндіріске соғып, жағдайын тағы бір саралап шықты, зауыттың болашақ жоспарларымен танысты.
Келесі кезекте Серік Үмбетов «Көксу қант зауыты» ЖШС-не бас сұқты. Астанадан келген қонақты кіреберістен зауыт жұмысшылары қарсы алып, зауыттың өндірістік және қосалқы цехтарын аралатып, өнім шығару мүмкіндігімен таныстырды. Қашанда қарапайымдылығымен танылған Серік Әбікенұлы әдетінше жұмысшылардың тұрмыс және де басқа жағдайларын сұрастыруды ұмытқан жоқ. Депутаттың қамқор пейіліне зауытты жазғы жөндеуден өткізіп жатқан жұмыскерлер шынайы ризашылық танытты.