Павлодарда 28-ші рет татар-башқұрт ұлттының өкілдері қалалық саябақта сабантой мерекесін атап өтті. Ұлттық мерйамын тойлау барысында жергілікті өнерпаздар ән мен биден шашу шашып, қонақтарға ұлттық тағамдарынан дәм татқызды, деп хабарлайды NewTimes.kz» тілшісі.
Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өткізілген шараға облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Сейсенбай Жетпісбаев, Татарстаннан келген Мемлекеттік кеңес депутаты және Қазан қаласындағы Достық үйінің басшысы Ирек Шарипов, Татарстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері Айдар Габдинов мен Илзида Гусманова қатысты. Сонымен қатар, Екібастұз, Ақсу қалалары мен Железин, Баянауыл, Шарбақты, Лебяжі, Павлодар ауданының татар-башқұрт қоғамдық-мәдени орталығы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері де келді.
Мерекелік жиын барысында татар күресі – күреш, күш сынасу секілді спорттық ойындарды көпшілік қызыға тамашалады. Әрбір мерекенің межелеген мақсаты болатыны секілді, «Сабантой» да салт-сананы, наным-сенім, мәдениетті сақтау және ұлтаралық ынтымақтастықты нығайтуды көздейді. Сондықтан бір шаңырақ астында жиналған қауымға татар-башқұрт ұлттық тағамдары ұсынылып, қолөнер туындылары көрсетілді.
«Сабантойды біз әдетте көктемгі егіс науқаны басталған кезде тойлаймыз. Сол арқылы бірлік пен ынтымақты насихаттаймыз. Жаңа өмірдің жалғасы тәрізді бұл мереке кез-келген игі бастаманың жаршысы деуге болады. Елімізде бейбіт өмір мен тыныштық болсын деп тілеймін», — дейді татар-башқұрт қоғамдық-мәдени орталығының төрағасы Минир Галеев.
Сабантой - мың жылдан астам тарихы бар еңбек пен достық мерекесі. Татар тілінен аударғанда «жер өңдеу тойы» деген ұғымды білдіреді. Мерейлі мерекенің тарихы тым тереңде. Нәпақасын еңбектен тапқан татар халқы көктемгі егіс науқанын осылай ойын-сауыққа ұластырған. Яғни, сабантойды тойлаудың астарында егін бітік шықсын, жиын-терім мол болсын деген халықтың ақ тілегі мен арман-мұраты жатыр. Заман ағымына қарай өзгеріске ұшырап, дамытылып, заманауи өзгеріске ие болған мереке бүгінде ЮНЕСКО-ның мәдени мұра жауһарлары тізіміне енген.
Шара барысында ұлттық әндер мен билер орындалып, байқаулар мен спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Сондай-ақ, аталмыш орталықтың жұмысын алға сүйреп жүрген, осы жылы мерейтойын атап өтетін бірқатар азаматтар арнайы сыйлықтарға ие болды.
Айта кетерлігі, бұл күні ҰОС ардагері Бикбулат Хазыровтың кітабының тұсау кесері өтті. Кітапта өңірдің мәдениет саласына және халықаралық ынтымақтастықтың дамуына үлесін қосқан Павлодар облысында тұратын татар азаматтары туралы баяндалған.