Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Аңсар Мұсаханов Қазыбек бек бекетіне қарасты аумақта жайқалып тұрған егін алқабында болды, деп хабарлайды NewTimes.kz.
Сенаторды аудан әкімі Жандарбек Далабаев пен Теміржол селолық округінің әкімі Қайратхан Мәдіғұлов жергілікті жерде атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.
Күрті жазығында биыл егіннің бітік шыққанына куә болған халық қалаулысы осында еңбек етіп жатқан жұмысшылармен тілдесті. Бірер күн бұрын ғана арпа оруды бастаған диқан-механизаторлар мұнда дала төсін еңбек дүбіріне бөлеу үстінде. Жалпы Теміржол селолық округі бойынша биыл барлығы 1800 гектар арпа, 600 гектар бидай себіліпті. Белуардан келетін астықтың түсімі көңіл тоғайтады, гектарына 25-30 центнерден айналып жатыр. Комбайн бункерінен құйылған алтын дән жүк көлігінің қорабын лезде толтырады. Ауылда қазір алты комбайн астық ору науқанына тартылыпты.
Диқандармен жылы жүзді дидарласу кезінде оларды еліміздің заң шығарушы органының қызметінен хабардар еткен Аңсар Тұрсынханұлы дала еңбеккерлерінің жағдайын сұрап біліп, олардың ойпікірлерін тыңдады.