Алматы облысында 800-ден астам балаға көмек көрсетілді

Алматы облыстық білім басқармасының мәліметі бойынша Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы шеңберінде «Бақытты балалық шақтың аймағы» ұранымен өтіп жатқан «Мектепке жол» республикалық акциясының алғашқы 10 күнінде өңірде 821 балаға 8 млн 489 мың теңге сомаға демеушілік көмек көрсетілген еді, деп хабарлайды NewTimes.kz.

Облыс әкімдігінде арнайы өткізілген баспасөз мәслихатында акцияның барлық ерекшеліктері туралы кеңінен айтылды.

Кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев пен облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Базарқұлова қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

Л.Базарқұлованың айтуынша, акция барысында білім беру саласының органдары мен тиісті әлеуметтік қызметтер әрбір елді мекенде қатер тобындағы балаларды анықтау мақсатында арнайы рейдтер жүргізді. Соның нәтижесі бойынша әлеуметтік көмекті қажет ететін балалардың мекенжайы мен жеке тізімі жасалуда. Осы арқылы балалардың мектепке келуі қамтамасыз етілетін болады. Бүгінгі күнге 1 297 рейд жасалды.

Өткен жылы облыста 51 237 балаға жалпы сомасы 427 млн 500 мың теңгеге материалдық көмек көрсетілген еді. Бұл көмектің басым бөлігі демеушілік арқылы жасалды. Бұл істе Талдықорған, Қапшағай қалаларының, Жамбыл, Еңбекшіқазақ, Алакөл, Қаратал аудандары аса белсенділік танытқан.