Жыл сайын жаңа оқу жылының қарсаңында республиканың барлық аумағында «Мектепке жол» акциясының өтетіні белгілі. Айтулы шара әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларын мектепке дайындау мақсатында жүзеге асып келеді, деп хабарлайды NewTimes.kz.
Қайырымдылық акцияның шарапатын жыл сайын бір ғана Оңтүстік Қазақстан облысында мыңдаған бала көріп отыр.
Жағдайы төмен отбасыларға қол ұшын шенеуніктермен бірге қалталы кәсіпкерлер және мешіт-медреселер де созып келеді. Жыл сайын имам-молдалар мешіттерге түскен садақадан «Мектепке жол» акциясына деп киімдер, оқу құралдарын алып, мұқтаж жандарға таратуды әдетке айналдырған. Сол дәстүр биыл да жалғасын тауып отыр.
Іс-шараға Шымкент қаласындағы барлық мешіттер атсалысты. Ата-аналармен және оқушылардың өздерімен кездескен облыстың бас имамы Ахметжан қажы Керімбек оларға ізгілік тілеп, өмірдің ауыртпалығына қарамастан бала тәрбиелеп отырғандары үшін ата-аналарға алғысын айтты.
Биыл облыстың бас имамы 400 балаға қайырымдылық көмек көрсетіп отыр. Оқушылардың киімі мен құрал-жабдықтарына қажетті қаражат мешітке садақа берген жомарт жандардың есебінен сатып алынған. Оқу жылының басталуына әлі де болса уақыт болғандықтан имамдар бұл акцияны одан әрі де жалғастыра беретінін айтты. Сондай-ақ, іс-шара тек Шымкент қаласымен шектелмей, облыстыө өзге аудан-қалаларында жалғасын табатын болады.
Айта кетейік, соңғы уақытта елімізде теріс діни ағымдардың белсенді әрекет етуі салдарынан лаңкестік оқиғалар орын алып жатыр. Дәстүрлі емес діни ағымдардың жастар санасын улауына жол бермеу мақсатында мешіт молдалары жаңа оқу жылынан бастап мектептер мен жоғары оқу орындарында да алдын алу шараларын жүргізуді жалғастыратын болады.