Атырау облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында өңірдегі жер құқық қатынастары туралы мәселе қаралды. Облыс әкімінің міндетін атқарушы Ғұмар Дүйсембаев арнайы қатысқан кеңесте облыстық басқарма басшылары, мәслихат депутаттары, партия өкілдерімен бірге, ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері де болды, деп хабарлайды NewTimes.kz.
Баяндама жасаған аталмыш кеңес хатшысы Ержан Түркістанов «ҚР Жер Кодексін» жүзеге асыруда көптеген кемшіліктердің орын алып жатқанын айтты. Мәселен, ағымдағы жылдың алғашқы алты айында 542 заң бұзушылық анықталып, нәтижесінде 52 жеке және заңды тұлғаларға әкімшілік іс қозғалған.
«Бүгінге дейін шешімін таппай отырған мәселе – қала, аудан орталықтары мен селолық округтер маңындағы жайылымдардың жойылып, оның орнын инфрақұрылым нысандарының басуы немесе жердің басқа меншікке өтуі болып отыр. Осындай келеңсіздіктер Атырау қаласы маңындағы Ракуша, Жұмыскер, Еркінқала, Геолог, Қайыршақты, Ақжар ауылдарында, облыстың шеңберіндегі көптеген ауыл-селоларда да орын алып отыр. Бұл жағдай өңірдегі жекеменшік малдардың, құс түрлерінің, үй жануарлары санының күрт азаюына әкеліп отыр», — дейді Ержан Түркістанов.
Мемлекеттік тапографиялық нақтылау, карталарды дер кезінде жүргізбеу және жаңартпау фактілері жерді бағалау, сату, сатып алу, жалға беру, салық салу мәселелерін шешуге кедергі келтіріп отыр. Жағдайдың бұлайша ушығуын баяндамашы саладағы жұмыстарымен Жер кадастрі және жылжымайтын мүлікті техникалық реттеу дапартаментінен басқа, жиырмадан астам коммерциялық заңды және жеке тұлғалардың да айналысуымен түсіндірді.
Кеңес барысында жер учаскесін бөлу кезінде арыз иесінен тиісті құжаттардың да талап етілмейтіні сын тезіне ілінді. Мысалы, 1000 бас малы бар кәсіпкерге берілетін жер аумағы мен одан малы бірнеше есе аз адамдыкінен шағын болып шығады.
Жерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасы басшысының орынбасары Қанат Көбегеновтің мәліметінше, аталмыш орган тарапынан 542 заңбұзушылық анықталып, нәтижесінде 45 миллион 540 мың теңге көлемінде айыппұл салыныпты. Жер туралы заңдылықтарды бұзатындардың арасында жеке және заңды тұлғалар көптеп кездеседі екен.
Аталмыш басқарманың аудандарда штаты жоқтығын сынға алған облыс әкімінің міндетін атқарушы Ғұмар Дүйсембаев жергілікті жерлермен, ауылдық елді мекендермен байланыс орнатуды міндеттеді. «Бір ғана Атыраудың айналасында бос жатқан жер көп. Олар кімнің жері? Игерушілер кімдер? Әуелгіде қазылып, шұңқырға айналған жерлер де аз емес. Ол жер кімге берілді?» деген облыс әкімі міндетін атқарушы Ғұмар Ислямұлы Атырау қаласы маңында карьер, яғни шұңқырлардың көптігін, оған шара қолдану қажеттігін баса айтты.
Жиын барысында облыстық жер қатынастары басқрамасының басшысы Арман Баженов, Жер кадастры және жылжымайтын мүліктерді техникалық реттеу департаментінің директоры Қамбар Теміровтер атқарылған жұмыстары туралы есеп беріп, сұрақтарға жауап берді.
Жалпы Атырау облысының жер қоры 11863,1 мың гектарды аумақты құрайды. Оның ішінде 23,71 га ауыл шаруашылығы мақсатындағы, 1350 га – елді мекен, 669,8 га - өнеркәсіп, көлік, байланыс қызметі, қорғаныс мұқтажына арналған, ауыл шаруашылығына арналмаған жерлері, 53,0 га – орман қоры, 18,8 га – су қоры, 6493,5 га қосалқы жерлер. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің 9630,0 мың га – жайылымдық, 6800,0 га егістік жерлер.