Маңғыстауға «Экспресс Жібек Жолы» пойызы Германия, Швейцариялық 30 турисімен Маңғыстау станциясына келіп жетті, деп хабарлайды NewTimes.kz.
Қазақстанға келген алғашқы саяхатшылар мінген «Жібек жолы» туристік пойызы Маңғыстау облысын таңдапты.
Туристерді вокзалда «ҚТЖ - Жүк тасымалы» АҚ – «Маңғыстау бөлімшесі ЖТ» бастығының бірінші орынбасары Ерлан Бүркітов бастаған теміржолшылар мен жергілікті халық қонақжайлықпен қарсы алды.
Маңғыстаулық құрметті теміржолшы Табылды Әміров қонақтарға Қазақстандағы Еуропаға шығатын бірден-бір теңіз қақпасы болып табылатын Ақтау айлағы мен Құрық портының болашағы, қарт түбектің бай ресурстарымен, тарихи ескерткіштерімен ерекшеленетінін әңгімелеп, саяхатшылардың демалысын көңілді өткізетініне сенім білдірді.
Туристердің басын қосқан бұл жобаны неміс компаниясы «Лерн» ұйымдастырып отыр. Жобаның мақсаты – Азия елдерінің мәдениеті мен Ұлы Жібек жолын еуропалықтарға таныстыру.
Маңғыстау облыстық туризм басқармасының басшысы Гүлжан Байжауынова Маңғыстау түбегіне соңғы кезде шетелдіктердің қызығушылығы арта түскендігін айтады.
«Маңғыстау жері шетелдіктер тарапынан үлкен қызығушылыққа ие. Өткен жылмен салыстырғанда өңірге келген саяхатшылардың саны өскен. Алматының ірі туроператоры — «Turan Azia» компаниясы аймағымыздың ажарын көруге құштарлық танытқан туристердің көптігін айтып, өңірімізге шетел саяхатшыларын жіберу туралы ұсынды. Бұндай ұтымды ұсынысты қабылдап, біз келісімшарт жасастық. Бұл шарттың нәтижесі – көз алдыңызда. Осы саяхатшылардан кейін, тағы бір топ күтілуде. Оның ішінде 65 адам бар», — деді Г.Байжауынова.
Ағымдағы жылдың алғашқы жартысында ғана облысқа барлығы 80525 шетелдік келген. Қыркүйектің ішінде екінші топпен тағы 65 саяхатшының келуі күтіліп отыр.
«Біз Өзбекстан елінен келе жатырмыз. Біздің басты мақсат – ел көру, саяхаттау. Бұл жайлы әрі жедел пойыз арқасында ұлан-ғайыр жерлерді тамашалап келдік. Қазақстанның шығыс жерлерімен жақсы таныспыз. Ал мына батыс аумағы бізге әлі жұмбақ. Маңғыстау облысының ерекше де қайталанбас нысандарын, ескерткіштерін, табиғатын толықтай тамашалағымыз келеді. Жаңа әсерлерге, жаңа сезімдерге бөленсек дейміз. Қазақстан халқының саяхатшыларды құрметпен қарсы алғаны көңіл қуантады. Біздің жолға шыққанымызға – 14 күн болды. Ендігі баратын қаламыз – Атырау, сосын Отанымызға ораламыз. Бізге мықты қолдау көрсеткен жергілікті компанияға алғысым шексіз», — деді алмандық саяхатшы Анке Руш.
Айта кетсек, саяхатшылар кең-байтақ Қазақстанды аралауға темір жол көлігін қолайлы көретіндігі байқалады.