Облыс әкімі Алик Айдарбаев Маңғыстау ауданына іссапармен барды, деп хабарлайды NewTimes.kz.
Іссапар барысында өңір басшысы Шетпенің орталығы мен Жаңаорпа бөлігін байланыстыратын жаңа көпірді іске қосты.
Көпірді көрген соң Алик Айдарбаев Көгезге барды. Саяхатшылардың назары ауған этноауылдың жұмысын көрді. Шайыр елді мекені де шетте қалмады. «Шайыр сулары» зауытының қуаттылығы мен қарқынын бақылады.
Шетпе ауылын темір жол екіге бөліп тұр. Орталықтан алыс орналасқан Жаңаорпа тұрғындары жанын шүберекке түйіп шойын жол үстімен, пойыз астымен өтпейді. Екі жаңа темір жол өткелімен қатынайды. Шетпе ауылының іргесі қаланғаннан көпір қажеттілігі айтылды. Одан бері 50 жыл өтті. Мәселе жуырда шешілді. Жаңаорпа мен Шетпені байланыстыратын көпірдің ұзындығы 120, биіктігі 8 метр. Құрылысқа 48 миллион теңге жұмсалыпты. Демеушілер де көмек көрсетіп, көп болып халыққа тартуы жасады.
«Бұл атаулы мерекелер Қазақстан Республикасының 25 жылдығымен тұспа тұс келіп, Маңғыстау ауданында бірқатар игі іс атқарылуда. Бұл көпірдің пайдасы көп. Балаларымыз әрі-бері жүрген кезде қауіпсіз болатын болды. Ауыл ақсақалдарының ұсынысын қабыл алып, жобалық сметалық құжаттамасы жасақталды. Мен нақты тапсырмалар беріп, жүзеге асып кетті», — деді Алик Айдарбаев.
Жаңа өткелдің ашылуынан соң өңір басшысы Көгез жеріне бет алды. Туристтерді қонақ етіп, еліміздің тарихын танытып, салт-дәстүрін ұлықтап жүрген этноауылды барып көрді. Туризмнің даму барысымен танысты.
«Шайыр сулары» зауытының іске қосылғанына көп болған жоқ. Кәсіпорын «Мойнақ» бұлағынан күніне 15 000 литр су алып, оны тазартып сатылымға шығарып отыр. Серіктестік шайырлық 30 тұрғынды еңбекпен қамтып отыр. Сұраныс артса, қуаттылық еселенеді. Демек жұмысшылар саны да көбеюі мүмкін.
Айта кетсек, биыл Шетпе ауылының іргесі қаланғанына 50 жыл. Өңір басшысы ширек ғасырдан бері қоныс тепкен тұрғындарды ауылдың 50 жылдығымен құттықтады. Жаңа нысандардың жұмысын көріп, аймақтағы шағын және орта бизнестің даму жайына қанықты. Маңғыстаудағы іс сапар барысында өңір басшысы аудан әкіміне бірқатар тапсырмалар берді.