Алматы облысында Тәуелсіздік құрметіне 25 балабақша ашылады

Алматы облысы Тәуелсіздіктің 25 жылдығын «25 жұлдызды күн!» ұранмен қарсы алмақ, деп хабарлайды NewTimes.kz.

Алматы облыс әкімдігінің мәліметі бойынша, мерекенің негізгі бағдарламасына қосымша айтулы күнге айшықты реңк беретін 25 ірі шара облыс тұрғындарына ерекше сый болмақ. «25 жұлдызды күн» 21 қарашадан басталып, 15 желтоқсанға дейін жалғасады, деп хабарлады.

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Р. Алпысбаевтың айтуынша, мерейтойлық шаралар әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық салаларын  қамтиды. Атап айтқанда, жұлдызды күндер аясында замануи кәсіпорындардың ашылуы, жаңа жұмыс орындарының құрылуы, түрлі қайырымдылық шаралары, тұрғын үйлерді және басқа да әлеуметтік маңызды нысандарды пайдалануға беру, спорттық жарыстар, кітаптардың, деректі фильмдердің тұсаукесерлері және басқа да шаралар бар.

«25 жұлдызды күннің» аса ірі оқиғасының бірі ретінде бір күнде 25 балабақшаның қатар ашылуын атап өтуге болады. Олардың барлығы да мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде салынған.

Тағы бір маңызды шара облыстың 25 елді мекеніне көшпелі «Скрининг» шығып, медициналық қызмет көрсететін болады.

Облыстың 75 елді мекенін қамтитын «Жібек жолы» қайырымдылық шарасы да ерекше болмақ. Акция асында Сүйінбай атындағы облыстық филармония мен Б. Римова атындағы драма театрының, «Талдықорған әуендері» ансамблінің әртістері гастрольдік сапарға шығады, - дейді Р.Алпысбаев.

Мерейтой қарсаңында жаңа пәтер кілттерін салтанатты жағдайда табыстау шаралары да ұйымдастырылып, Талдықорған қаласында 168 пәтерлі жалдамалы үй пайдалануға берілсе, Талғар қаласында жаңа 64 пәтердің иесі қуанышқа кенелмек.