15 қараша күні Ақтау қаласында мемлекеттік кірістер департаментінің әкімшілігі мен салық төлеушілерге қызмет көрсету орталығы жаңа ғимаратының ашылуына арналған салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды NewTimes.kz.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында орайластырылған бұл жиында облыс әкімі Алик Айдарбаев құттықтау сөз сөйледі.
Қаржыгерлерге құтты болсын айтып, олардың жұмыстарына сәттілік тілеген өңір басшысы бүгінгі таңда мемлекеттік кірістер органы біртұтас фискальды органды құрай отырып, бюджет түсімін қамтамасыз етумен қатар Қазақстан бизнесінің дамуына қолайлы орта туғызудағы негізгі құрамдас бөліктердің бірі болып табылатынын атап өтті.
«Қазақстан-2050» стратегиясының негізгі мақсаты–Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына енуі. Бұл стратегиялық мақсатқа жету үшін мемлекеттік органдар алдына үлкен міндет, соның ішінде бизнес қоғамдастығының ертеңгі күніне сенімділікпен қарайтындай жаңа жүйе қалыптастыру міндеті қойылды. Осы міндеттерді іске асыру, төлемдер мен салықтарды жинау және бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасау, сыртқы сауда айналымын ынталандыру арасында қажетті тепе-теңдікті ұстап тұратын біртұтас тиімді мемлекеттік істер жүйесін құрудың аса қажет екендігін көрсетті. Бүгінгі таңда осы бағытта жүргізілген реформалардың тиімділігінің оң нәтижесін көріп отырмыз», — деді әкім.
Алик Айдарбаевтың айтуынша, Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департементі есепті кезеңде жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Мысалы, 2016 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша жалпы бюджетке түскен салықтар мен төлемдер 392 миллиард теңгені құрады. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,5 миллиард теңгеге жоғары. Яғни, өсім 100,3 пайыз. Республикалық бюджет 145,4 пайыз орындалды немесе нақты 151 миллиард теңге түсім түсті. Жергілікті бюжет 102 пайыз немесе 82 миллиард теңге болды. Жаһандық дағдарыстың кері әсеріне қарамастан өткен жылмен салыстырғанда облыс бойынша түсімнің өсім қарқыны байқалады. Яғни, мемлекеттік бюджет 24 миллиард теңгеге өсіп, 233 миллиард теңгені құрады. Соның ішінде республикалық бюджет 19 миллиард теңгеге өсіп, 151 миллиард теңгеге жетті. Ал жергілікті бюджет 5 миллиард теңгеге артып, 82 миллиард теңге болды.
Сөз кезегін алып, әріптестерін қаржыгерлер күнімен құттықтаған Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Әлібек Тілегенов көлемі 12 600 шаршы метрлік жаңа ғимараттың жұмыс істеуге ыңғайлы екендігін жеткізді.
Құттықтаулардан кейін Алик Айдарбаев пен Әлібек Тілегенов таспа қию рәсімін орындады.
Айта кетсек, ғимарат 6 қабаттан тұрады. Оның 1 қабаты техникалық қабат делінеді. Жаңа ғимаратта барлық қажетті жағдай жасалған. Қызметкерлер кабинеттері кең, жаңа офистік жиһаздармен жабдықталған, заманауи ұйымдастыру техникасымен қамтылған. Салық төлеушілер үшін барлық ыңғайлы жағы толық қарастырылған. Орталықтың операциялық залында азаматтарды қабылдап, қызмет көрсететін 58 терезе ашылған. Күтіп отыруға арналған орын, ақпараттар стенді, құжаттар толтыруға лайықталған орын бар. Бұлардың барлығы тұрғындарға сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуге ықпал етері сөзсіз.
Облыс басшысы мен қонақтар жаңа ғимаратпен танысқаннан кейін департаменттің мәжіліс залында Тәуелсіздігіміздің төл перзенті—Ұлттық валюта күніне арналған салтанатты жиналыс болды.
Онда Алик Серікұлы қаржы жүйесі қызметкерлерін төл мейрамдарымен құттықтап, игі тілегін жеткізді. Сондай-ақ ол бір топ қаржыгерлерге облыс әкімінің Алғыс хатын тапсырып, өңіріміздің қаржы саласында қажырлы еңбек үлгісін көрсеткен танымал қаржыгерлердің омырауларына «Қаржы қызметінің үздігі» төсбелгісін тақты және қаржыгерлердің бір тобын Құрмет грамотасымен марапаттады.