Конфессияаралық келісімді сақтаудағы ислам дінінің орны

Дін мәселесінің ерекше маңыздылығы бүгінде баршаға белгілі. Ел азаматтарының бірлігі мен ынтымағы барлық жағдайларда дін мәселесіне тікелей қатысты екендігі әмбеге аян. Сондықтан әрбір азаматтың, әрбір көзіқарақты жанның дін мәселесіне ерекше маңыз беретіндігі түсінікті.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ел халқына арнаған Жолдауында: “Біз тұрақтылықты бағалай білгеніміздің арқасында бүгінгі табыстарға жеттік. Ешкімді кемсітпей, ешкімнің тілі мен ділін мансұқтамай, барлық азаматтарға тең мүмкіндік беру арқылы тұрақтылықты нығайтып келеміз. Біздің кейінгі ұрпаққа аманаттар ең басты байлығымыз – Ел Бірлігі болуы керек. Осынау жалпыұлттық құндылықты біз әрбір жастың бойына сіңіре білуге тиіспіз”, - деген сөзі имамдарымызға ерекше әсер етті.

Әрине, бағыты діни фанатизмге негізделетін кереғар ағымдарға, олардың жұмыстарына түбегейлі тосқауыл қойылуы керек. Ислам – бейбітшілік діні. Ол адамдарды жақсылыққа, ынтымаққа, бірлікке шақырады. Ізгілікке үндейді. Қасиетті Құранда: «Түп-түгел Алланың дінін ұстаңдар да бөлінбеңдер», – деген. Ендеше бөлініп, бүлік іздеуге еш жол берілмеуі тиіс. Айналып келгенде барлық бөлінушіліктің мәзһабсыздықтан әрі сауатсыздықтан шығатындығы сөзсіз. 

Мұсылмандықты көп ұлттар мен ұлыстарды түрі мен нәсіліне қарамай, бір шаңырақ астына біріктірген бүкіләлемдік бауырмашылдық деп есептеуге де болады. Алайда, бұл мұсылман баласы өз ұлтынан бас тартсын, халқынан безсін, Отанын құрметтемесін, ұлттық мәдениетінен қол үзсін дегенді білдірмейді. Құран адамзаттық өркениетті байыта отырып, әрбір ұлттың өз болмысын сақтағанын, олардың бір-бірімен тәжірибе мен дәстүр алмастырғанын құптайды. Онда адамзат нәсілдері мен мәдениеттерінің бір-бірін тануға, өзара төзімділікке алып баратын иләһи хикмет екендігі баяндалады. Жаратқан Ие былай дейді: «Уа, адамдар! Расында, Біз сендерді ер мен әйелден жараттық. Сосын бір-бірлеріңді тануларың үшін сендерді халықтар мен тайпалар қылдық. Шындығында, Алланың алдындағы ең ардақтыларың ­ – тақуаларың. Алла бәрін біледі әрі хабардар» (“Хужурат” сүресі, 13-аят).

Қазіргі таңда Құдайға шүкір, елімізде 2500-ден аса мешіт халыққа қызмет көрсетуде. Ал оның 786-ы біздің Оңтүстік Қазақстан облысының еншісінде. Мұның 100 пайызы еліміз мұсылмандарының бірегей орталығы - Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты филиалдар болып табылады. Дәстүрлі дін жолында бұл үлкен көрсеткіш болып табылады.

Көпұлтты еліміздегі мешіттерде де түрлі ұлттар өкілдері жемісті қызмет атқарып келеді.

Қазіргі таңда елімізде 130-дан астам ұлттар пен ұлыстардың өкілдері тату-тәтті тұрып жатыр. Олардың бәрін бір мақсат пен ортақ мүдде біріктіріп,  топтастырып, ауызбіршілігін күшейтіп отыр. Осындай ынтымағы мен бірлігі жарасқан ел, халқының 70 пайыздан астамы мұсылмандар. Қасиетті Құран Кәрімнің Хужрат сүресіндегі 10 аятында: «Шын мәнінде мұсылмандар бір-біріне бауырлар» делінген. Ал хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз  хадис шәріптерінде «Мұсылман – мұсылманға бауыр», - дейді.

Шын мәнінде, халыққа, жастарымызға рухани тұрғыдан тәрбие беру тек мешіт имамдарының міндеті емес. Қоғамды түрлі кедергілерден, түрліше пәлекеттерден сауықтыру, ондайлардың жолын кесіп, тосқауыл қою қоғамдық күш болып, шешілуге тиісті мәселе. Сондықтан осындай күрделі мәселелердің өзара бірлесе отырып, шешілуі керектігі айқын аңғарылады. Осы орайда, мешіт имамдарының кереғар ағымдарға қарсы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен бірлескен жұмыстары жүргізіліп келеді.

Мешіт имамдары алдағы уақыттары кереғар ағымдарға қарсы күрес жүргізуде ерекше белсенділік танытқандары жөн. Әсіресе, «Хизб-ут Тахрир» діни-саяси ұйымына, уаһабилік-сәләфилік көзқарасты ұстанушылардың іс-әрекетіне мүлдем жол берілмеуі тиіс. Сондай-ақ, «Таблиғи жамағат» ұйымының өкілдері өз жұмыстарын облысымыздың қалалық, аудандық, өңірлік, ауылдық жерлеріндегі мешіттерінде жүргізуге тырысады. Бұған қазіргі кезде мүлдем тоқтам салынды.

Құран тәлімі адамдарды кез келген жұмыр басты пендеге, жақын туыстар мен достарға, жолаушыларға, танысқа және бейтанысқа бірдей әділет көзімен қарауға, оларға жақсылық жасауға үйретеді. Тағы бір айта кетерлігі, Исламдағы адам ақысы мәселесін мұқият зерделеп қарасақ, онда мұсылман адамның бәрінен бұрын өз жақын туыстары мен көршілерінің алдында міндеттерінің көп екендігін байқаймыз. Демек, мұсылманның өз туыстарының, жақындарының, халқы мен туған жерінің алдындағы борышын сезінуі, терең түйсінуі Исламдағы отаншылдықтың негізі болып саналады.

Осы орайда, еліміздегі ұлтаралық, конфессияаралық, этникааралық татулыққа, бірлікке діннің, оның ішінде төл дініміз – Исламның ықпалы қаншалықты деген сауалға жауап іздеп көрсек.

Жалпы, дін дегеніміз ерекше сақтықты қажет ететін нәзік дүние. Дінді өркениеттің, мәдениеттің феномені ретінде қарастыруға болады. Әрбір діннің өкілі - өркениет ошағы. Әрбір дін өкілі мұсылман, православ, иудей, буддист бола отырып, өзге өркениеттің мән-мағынасын түсіне біліп, оған құрметпен қарауы тиіс. Сонда ғана әркімнің өз діні өркендеп, өсе түседі. Бұл сырт қарағанда, күнде айтылып жататын қарапайым ғана жайт болғанымен бүгінде өте айқын, адамзатқа аса қажетті дүниелердің бірі болып отыр. Өйткені бұл – адамзаттың тікелей тағдырымен байланысты. Егер біз осы қажеттілікті қазір түсіне алмасақ, ертең кеш болады. Басқаша айтқанда, бүгін біз тек өзара түсіністік пен сыйластықтың, бір-бірімізге деген құрметтің арқасында ғана тіршілігімізді жалғастыра алмақпыз. Бұл үдеріс біздің әрқайсымыздың өз дінімізді, дәстүрімізді құрметтеуге, дәріптеуге кедергі болмайды. Өйткені әрбір дін – ақиқатқа деген ұмтылыс. Осы тұрғыдан алғанда бүгінгі біздің басты мақсатымыз – ел ертеңі болар өскелең ұрпаққа дін туралы терең, түсінікті тәрбие беру. Діннің қоғамдағы рөлінің ерекше екендігі рас. Сондықтан, оның адамзат үшін, біздің халқымыз үшін қаншалықты пайдалы екендігін қалың көпшілікке, соның ішінде жастарға ұдайы айтып, түсіндіріп отырған абзал. Өйткені, нағыз дін адамдарды ізгілікке, жақсылыққа шақыратын қоғамдық үрдіс.
Дін ауқымды рухани-адамгершілік әлеуетке ие болғандықтан және жалпы адамзаттық нормалар және құндылықтармен тығыз байланысқандықтан, оның қазіргі әлемдегі орны ерекше. Соның ішінде, Ислам діні туралы қазіргі таңда түрлі көзқарастар қалыптаса бастады. Дегенмен, шынайы діннің мерейі қашан да үстем болатыны сөзсіз.

Алайда, қазір елімізге шет мемлекеттерден келіп жатқан тосын, жағымсыз діни идеялар мен ағымдар саны аз емес. Өкінішке қарай, олардың барлығының ниеттері түзу деуге болмайды. Ең сорақысы – осы жат, жымысқы ниетті діндердің көздегендері де жастар болып отыр. Біз жастарымызды теріс әрекеттерге, адамға, қазаққа жат қылықтарға тартатын тылсым күштерден арашалай білуіміз керек.

Қазақстан Конституциясы елдегі азаматтардың ұлтына, нәсіліне қарамастан, барлығына бірдей мүмкіндіктер мен құқық береді. Әркім өзіне тән этномәдени мүддесін қорғауда тең құқыққа ие екендігіне конституциялық жолмен кепілдік беріледі. Сонымен қатар, Қазақстанда тарихи-мәдени мұраларды қалыптастыруға, елімізді мекен еткен халықтардың мәдениетін сақтауға, дамытуға және жандандыруға мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетіліп жатыр.

Қазақстанда шығыстық және батыстық, мұсылмандық және христиандық, түркілік және славяндық, басқа да типтегі мәдениет өкілдері бар. Ал әрбір ұлттық мәдениет – адамзаттың рухани құндылықтарындағы бағалы байлығы болып саналады. Елдің тұрақтылығы – мұсылман үмбетінің тұтастығына байланысты.

Бұл күндерi халқының 70%-дан астамын Ислам дiнiн ұстанатын мұсылмандар құрап тұрған тәуелсiз Қазақстанымыз көпконфессиялы және көпұлтты мемлекет бола тұра, өз ынтымақ-бiрлiгi және достығымен әлем жұртшылығының назарында.

Ел игілігіне тілектес мұсылмандар үшін Отанымыз Қазақстаннан қымбат ештеңе жоқ. Ата-бабамыз ғасырлар бойы армандап, бүгінгі ұрпақ әрең жеткен, талайлар аңсап, талайлар осы жолда құрбан болған. Тәуелсіздік – біз үшін әрдайым қастерлі ұғым, басымызға қонған бақыт құсы іспеттес! Алла оны асқақтата берсін!

130-дан астам ұлт пен ұлыстың, сондай-ақ 17 конфессияның өкілдері Қазақстан атты берекелі бірліктің ортақ үйінде тату-тәтті өмір сүруде. Ал осы береке-бірлікті мызғымастай сақтап отырудың жүгі, ең алдымен, халқымыздың басым көпшілігін құрап отырған мұсылмандарға артылары сөзсіз. Алласын танып, ақиқат дінге бет бұрғандар өзара тату-тәтті, мәмілешіл болса, елімізде тұрақтылық та, тұтастық та бола бермек.  

Бұл бірлік пен бақыт бізге Алланың берген нығметі десек, екіншіден, Тәуелсіздік алған жылдардан бері Қазақстанда ұлтаралық келісім мен дінаралық татулықтың берік орнығуы Елбасының кемел де дана саясатының арқасында мүмкін болды. Иә, нағыз мақтау біздің елге осындай кісіні Елбасы етіп берген Аллаға лайық. Сонымен қатар, ел ішінде тыныштықты сақтауға, өзара достық пен келісімді нығайтуға мол үлесін қосып, мемлекет тарихында өшпес ізін салған Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевқа да біз сүйіспеншілігіміз бен алғысымызды жеткізуге тиіспіз. Осы орайда, ұлт жанашыры Ахмет Байтұрсынұлының: «Балам деген жұрт болмаса, жұртым деген бала қайдан шықсын?!», – деген ұлағатты пікірі ойға оралады.

Еліміздегі әрбір мешітте айтылып жатқан уағыздардың өзегі бір: ол – елдің ынтымағы, бірлігі. Тіпті, мұсылман баласының барлық ғибадат-құлшылығы мен іс-шарасы да жамағатпен, бірлікпен атқарылады. Сондықтан, мұсылмандар үшін бірліктің, достықтың орны қандай үлкен екендігін ұғынуға болады. Бұл өз кезегінде елдің бірлігіне, тұтастығына өз үлесін қосатын нәрсе.