Шетпеде мектеп оқушыларын тасымалдайтын автобустың қарт жүргізушісі кішкентай қыздарды азғырды деп айыпталуда.
Зейнеткер оқушылардың біріне: "Сағындым, сағат 15:00-де мектеп алдында күт. Алып кетемін" деп SMS-хат жолдаған.
Автобус жүргізушісінің кішкентай қыздарды азғырып келгені туралы ақпаратты тілшілерге зәбір көрген оқушының таныстары айтқан. Оның мәліметінше, қыздың телефонындағы SMS-хабарламаны мұғалімі кездейсоқ көріп қалып, дереу дабыл қаққан.
"Қыздың өзінің айтуынша, автобус жүргізушісі оған үнемі SMS-хат жазып және телефон арқылы хабарласып отырған. Сондай-ақ, ол өзге қыздарды да назарынан тыс қалдырмаған. Оларға тәттілер сыйлап, тізесіне отырғызып құшақтаған, иіскеген. Балалар мұғалімге шағымданыпты. Алайда, педагог мұны баланың қиялы шығар деп мән бермеген", - дейді сұхбат берген әйел.
Мән-жайдың қиял емес екенін түсінген ұстаз дереу ата-анаға хабар беріпті, Ата-ана болса полицияға арызданған. Тәртіп сақшыларының айтуынша, 1948 жылғы ер азамат шұғыл іздеу шаралары барысында ұсталған.
"Бүгінгі таңда ҚР Қылмыстық кодексінің 124-бабы 1-тармағы бойынша іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды. Іс сотқа жолданып отыр. Ұсталған азамат уақытша қамау абақтысында", - дейді Маңғыстау облыстық ІІД баспасөз қызметі.
Күдікті зейнеткер жұмыс істейтін мектеп ұжымы болса болған жайтқа сене алар емес. Олар бұған дейін ешқандай оқушыдан шағымның түспегенін айтып отыр.