Қызылордада мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлерге арналған форум өтті

29 мамыр күні Қызылордада облыс әкімі Қырымбек Көшербаев және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасы А.Сарқұловтың қатысуымен мүгедектігі бар кәсіпкерлерге арналған форум өтті, деп хабарлайды NewTimes.kz.

Аталмыш шараға облыстық мәслихат депутаттары, мемлекеттік мекемелер, қаржы институттарының, қоғамдық бірлестіктердің және бизнес өкілдері қатысты. Форумның мақсаты –  мүгедектікке душар болған адамдардың табысты бизнесін, олардың кәсіпкерлік қызметтерін мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен жалпы аймақ тұрғындары арасында кеңінен  насихаттау  болып табылады.

Форум міндеттері:

-мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлерге мақсатты демеушілік көмек көрсетуде бизнестің, мемлекеттік органдардың, табысты кәсіпкерлер мен қарапайым азаматтардың  мүмкіндіктерін  пайдалану;

-мүгедектерге алғашқы қомақты капиталсыз-ақ өз ісін ашуға болатынын көрсету, табыс пен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету

-мүмкіндігі шектеулі жандар арасында кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдай жасау;

-мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың ықтимал инвесторлармен және атқарушы орган өкілдерімен өзара іс-қимылы;

-табысты кәсіпкерлердің тәжірибесімен алмасу, бизнес жүргізуде тәлімгерлердің көмегіне сүйену;

-жалпыға бірдей  еңбек қоғамын қалыптастыру.

Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев  өз сөзінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның «Даму-Аймақтар» бағдарламасы бойынша шағын және орта кәсіпкерлікті қаржыландыру үшін 1,4 млрд теңгеге келісімге қол қойылғанын және  облыс кәсіпкерлері бес жылға 8,5 пайызбен жеңілдетілген несие ала алатынын атап өтті. Сондай-ақ, барлық кәсіпкерлерді осы бағытта іске асырылып жатқан бағдарламаларға белсенді қатысуға шақырды.

«Мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлердің қызметі барлығына, әсіресе тепсе темір үзетін, бірақ  масылдық көзқарастан арыла алмай жүрген жастарға үлгі болуы қажет», - деді Қ.Көшербаев.

Форум барысында  мүгедек кәсіпкерлердің тауарлар мен қызметтерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, табысты жобалардың тұсаукесерлері жасалды. Өткір мәселелер бойынша сарапшылардан салықтық кеңестер,  мүгедектігі бар табысты кәсіпкердің шеберлік-класы және жұмысқа орналасу бойынша сарапшылар кеңестері мен «дөңгелес үстел»  ұйымдастырылды. Форумда мүмкіндігі шектеулі  30 кәсіпкерге облыс әкімінің Алғыс хаттары тапсырылды.