Қызылордада жазасын өтеп шыққандарды әлеуметтік бейімдеу шаралары қолға алынған

Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары негізінде жаза мерзімін өтеуші сотталған азаматтар орта, кәсіптік- техникалық білім және де ақылы еңбекпен қамтылуда. Осы орайда, «Колониядағыларды жұмыспен қамту-2017» жобасын іске асыру мақсатында Қызылорда облысының түзеу мекемесінде 518 жазасын өтеуші азаматтардың 79 пайызы ақылы еңбекпен қамтамасыз етілді. ЗК-169/5 мекемесінде жаңадан кірпіш күйдіру зауыты ашылды.

Құрлыс материал шығаратын цехқа 31 адам жұмысқа орналастырылды. Түзеу мекемесінде кәсіпкерлерді көптеп тарту нәтижесінде жұмыспен қамтылғандар саны күн санап артып келеді. Қазіргі таңда 9 жеке кәсіпкерлер жұмыс жасайды. Атап айтқанда тігін, мүсін жасау, темір бұйымдарын дәнекерлеу және ірі көлемді кесек құятын өндірістік құрылымдар жұмыс жасайды. Мұнда қатаң күзетілетін аймақта орналасқан ғимараттар тегін беріледі және арзан жұмыс күші жеткілікті. Сондықтан түзеу мекемесінде өндірістік нысан ашу кәсіпкерлер үшін тиімді. Жазасын өтеушілер өз жалақысы есебінен мемлекетке немесе жеке тұлғалар алдындағы қарызын қайтарады. Ал бұл жағдайда олардың жазасы жеңіл түрге ауыстырылып, бостандыққа шығу мерзімі жақындай түседі.

Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасындағы бас бостандығынан айыру орындарында босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың 2017-2019 жылдарға арналған кешенді стратегиясын бекіту туралы» 2016 жылғы 8 желтоқсандағы № 387 Жарлығын қолдануды жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен (2016 жылғы 29 желтоқсан № 912) Кешенді стратегияны іске асыру бойынша іс-шаралар жоспары бекітілген.

Осының негізгі іс-шараларының бірі бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарды жұмысқа және тұрмыстық орналастыруды қолдайтын «Қақпа алдында кездесу» әлеуметтік жобасы жүзеге асырылуда.

«Қақпа алдында кездесу» жобасы аясында жаза мерзімінің аяқталуына байланысты сотталғандардың денсаулық жағдайы, білім деңгейі, жұмыспен қамтылуын, тұрғылықты жерінің болуы, сондай-ақ оған көрсетілетін әлеуметтік-құқықтық көмектің көлемін анықтау үшін қажетті мәліметтер, жеке тұлғасын зерттеу жұмыстары жүргізілуде.