Бүгін облыс әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен орман, дала өрттерінің алдын алу туралы жиын өтті, деп хабарлайды NewTimes.kz. Осы тақырыпқа байланысты облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғаныс полковнигі Дарын Байсариев баяндама жасады.
Жыл басынан бері 497,7 га. жер аумағында 158 құрғақ шөп жануы тіркелген. Сонымен қатар мемлекеттік мекемелердің аумағында 2 орман өрті орын алған.
Мемлекеттік өртке қарсы бөлімшелері жоқ жерлерде 4749 жергілікті тұрғынды тарта отырып, 361 ерікті өрт сөндіру жасақтары құрылған. Олар барлық қажетті техникамен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар орман және дала өрттерін жою мәселелерін шұғыл шешу мақсатында Департаменттің әрбір бөлімшесінде 39 шұғыл мобильдік топтар белгіленген. Гарнизондық жаттығулар тұрақты түрде өткізіліп, өрт сөндіру машықтары жетілдірілуде.
Дарын Байсариев аудан, қала әкімдіктерін ерікті өрт сөндіру жасақтары посттарының материалдық базасын нығайту, суға түсу маусымының басталуына байланысты оқыс оқиғалардың алдын алу шараларына белсене қатысуға шақырды.
Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Керімбек Жаншабайдың айтуынша, мемлекеттік орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық жабдықталуы жақсартылған. Бүгінгі күні оларда 22 өрт сөндіру автокөлігі, 20 сутаратқыш, тіркемелі құралдармен жабдықталған 22 трактор, 141 патрульдік автокөлік, 139 мотоциклмен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар өрке қарсы құралдар да дайындалған. Бүгінгі күнге өрт қауіпсіздігі ережесін сақтамағаны үшін 9 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, орман шаруашылығына келген 567,2 мың теңге шығын толығымен өндірілді.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі А. Баталов ауа райының қатты ысып тұрған қазіргі шағында өрт қауіпсіздігіне, суда шомылу қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажеттігін айтты.