Маңғыстаулықтар өз еркімен Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Шығыс Қазақстанға көшіп, баспана алып, жұмысқа орналасуда, деп хабарлайды NewTimes.kz.
Жастар арасында жұмыссыздықты азайтып, маман тапшы аймақтарда жұмыс қолын көбейту. Бұл – «Ерікті қоныс аудару форумын» ұйымдастырушылардың діттеген мақсаты. Маңғыстаулықтар мемлекет ұсынған мүмкіндікті қалт жібергісі келмейді.
«Ерікті қоныс адару» форумы аясында маңғыстаулық делегация Солтүстік және Шығыс облыстарға барып, берілетін баспаналарды көріп, жұмыс жағдайларымен танысып қайтты.
Делегацияның алғашқы сапары Қостанай облысынан басталды. Облыста механизатор, дәрігер, мұғалім, фельдшерлер жетіспейді екен. Маңғыстаудан келген мамандар осы тапшылықты азайтпақ. Әрі қарай маңғыстаулық өкілдер Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарындағы жерлестердің қал-жағдайларын білген болатын.
Қоныс аударушыларға баспана беріліп, жұмыс ұсынылады. Әр отбасы мүшесіне 35 айлық есептік көрсеткіш көлемінде субсидия тағайындалады. Ерікті қоныс аудару бағдарламасына ҚР азаматтары, оралмандар қатыса алады. Қазіргі таңда Маңғыстаудан 9 отбасы көшіп кетті. Олардың барлығы да орналасып үлгерді.
«Солтүстік және Шығыс өңірлеріне қоныстанатын адамдарға өте көп мүмкіншілік бар. Біріншіден, көтерме жәрдемақы беріледі. Екіншіден,дайын жұмыс. Үшіншіден, баспана беріледі. Сондай-ақ, егер көшетін отбасының отбасында ЖОО оқитын бала болса, оған грант та бөлінеді», — деді Маңғыстау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы Г.М.Қалмұратова.
Маңғыстау облысында соңғы жиырма жылда тарихи отанына оралған көшіп келушілер көбейген. Ағымдағы жылдың соңғы айларында 3000 нан астам қандасымыз қоныс аударған. Оның үстіне мұнайлы өлкеде бала туылу көрсеткіші де жоғары. Сондықтан халықты жұмыс күшін көп қажет ететін аймақтарға тартуда. Форум барысында өлкелерден келген өкілдер өз аймақтары туралы қала тұрғындарына мәліметтер берді. Баруға ниет танытқан азаматтарды тіркеуге алды.
Мемлекет басшысының өзі өркениетті қоғамда халықтың қолайлы өңірге қоныс аударуын қалыпты үрдіс деп бағалап, құптаған болатын. Қазірдің өзінде облыстан 100-ден астам адам қоныс аударуға өтінім білдірген. Көш әлі де жалғасады.