Оралда «Дін және ұлттық тарих» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

Діни радикализм көріністермен, яғни өзгелерді діни жоралғыларды жасамағаны үшін айыптап, оларды күнәхар  деп айтыптайтындармен мемлекет жүйелі түрде күресетін болады, деп хабарлайды NewTimes.kz.

Бұл туралы ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев Орал қаласында өткен «Дін және ұлттық тарих» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясында мәлімдеді. Ол қазақстандық ислам моделіне салафизм, ваххабизм сынды ағымдардың жат, ал дәстүрлі діни танымның маңызы зор екенін атап өтті.

Құдайға сенім – бұл әркімнің жеке ісі. Оны күштеп таңуға әсте болмайды, соның ішінде діни атрибутика мен діни киімдерді. Паранжа, никаб сынды киімдер Африка мен Араб елдерінен келгені белгілі. Олар негізінен конфессиялық тұрғыдан емес, ол жақтың ауа райына байланысты дайындалып шығарылды. Тек соңғы кезде бұл киімдерге діни мағына беріле бастады.

Бүгінде елімізде 18 конфессияның өкілдері тұрады. Конституциямыз әркімге конфессияларды таңдап, ұстануға құқық береді. Бірақ бізде көбіне адамдар, соның ішінде діни сенімі бар жандар қалыпты әрі пайдалы дін мен радикализмнің арасын ажырата алмай қалып жатады. Тіпті кейбіреулері өздерінің радикал немесе діни фанатик болып кеткенін байқамайды. Біз бұндай жағдайдын алдын алымыз қажет,-деді Нұрлан Байұзақұлы.

Жиында сөз алған БҚО әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, облыста діни экстремизмнің алдын алу бойынша қалың жұртшылық, әсіресе жастар арасында кешенді шаралар жүзеге асуда. Өңірде ұлтаралық, дінаралық келісім бағытында ағымда, қысқа және ұзақ мерзім ішінде шешуді қажет ететін бірсыпыра мәселелер бар. Соған байланысты тиісті іс-шаралар қолға алынуда. Облыста рухани және діни бірлестіктердің толыққанды жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалды. Әлеуметтік зерттеу нәтижесі көрсеткендей, батысқазақстандықтардың 85,8 пайызы діни жағдайдан жақсы хабардар. Жалпы алғанда, Батыс Қазақстан облысының жергілікті атқарушы билік құрылымдары арқылы алынып жатқан шаралар қоғам сұранысына сәйкес келеді деуге негіз бар. Яғни бұл іс-шаралар  тұрғындар және азаматтық қоғам институттары тарапынан қолдау табуда.

Облыста 14 ақпараттық-түсіндіру тобының жұмысы ұйымдастырылды. Ақпараттық-түсіндіру топтары 15 мыңнан астам адамды қамтыған 200-ден астам шара ұйымдастырды. Оған қоса, дін зерттеу орталығы және 12 үкіметтік емес ұйымдар дін саласы бойынша жұмыс жасайды.

Кемел келешекке бағыт алу үшін ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамның топтасуы қажет. Осы орайда дін мағыналық күш беретіні сөзсіз.  Себебі біздің мақсатымыз – фанатизм мен діни консерватизмге бас ұрмай, соқыр догмалық идеяларға ермей, мемлекет құрудың жаңа қазақстандық моделін қалыптастыру. Нақтылап айтқанда, дұрыс түсінген адамға дін – бақытқа жетелейтін нығмет, ал қате түсінгендерге - үлкен  қасірет,-деді Алтай Сейдірұлы.

Жиын барысында ҚМДБ, мемқұрылым, қоғамдық ұйым өкілдерінің, ғалымдардың бұл бағыттағы баяндамалары тыңдалып, Атырау, Ақтөбе, Ақтау, Алматы және Астана қалаларынан келгенген белді ғалымдар мен теологтар пікірлесіп, сөз алды.