БҚО-да этносаралық жағдай тұрақты

БҚО ассамблеяның жаңа жұмыс бағытын қалыптастыру мен ұлтаралық байланысты нығайту және қазақстандық біртектілік пен бірлікті дамытудағы ассамблея қызметінің тиімділігін батысқазақстандықтар жоғары бағалауда. Бұл тұрғындар арасында жүргізілген мониторингте көрініс тауып отыр, деп хабарлайды NewTimes.kz.

-Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясымен өңірдегі этносаралық қатынастар саласындағы мониторингтің, талдаудың тиімді жүйесін құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Соған байланысты біз Қазақстандағы этносаралық жағдайдың жай-күйін, динамикасын және оған әсер ететін факторларды зерттеу, жүргізіліп отырған мемлекеттік саясаттың тиімділігін бағалау мақсатында мониторинг жүргізіп отырмыз. Осынау шарада мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелері жұмыстарының және қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігі бағыттары да қамтылады. Жалпы алғанда биылғы жылдың екінші тоқсанынан бастап өңірдегі этносаралық жағдайға 8 индикатор бойынша бірыңғай мониторинг жүргізілуде.

Мониторингтің қорытындысынан өңірдегі этносаралық жағдайдың тұрақтылығы сақталып отырғандығын көруге болады. Атап айтқанда, батысқазақстандықтардың басым көпшілігі (94,2%) өңірдегі этносаралық жағдайға оң көзқарастарын білдірді және респонденттердің 96,9%-ы өздерін қазақстандықпын, яғни Қазақстанның біртұтас халқының өкілімін деп есептейді. Орал өңірі халқының басым көпшілігі (95,2%) басқа этностар өкілдеріне қатысты толеранттығы жоғары  екендігін көрсетті. Облыстың 83,2%-дай тұрғыны мемлекеттік органдар мен қоғамдық институттардың қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту бойынша жұмысын оңды деп бағалайды, ал 80,9%-ы Қазақстандағы этносаралық келісімді сақтау бойынша мемлекеттік саясатты қолдайды. Сондай-ақ, өңір жұртшылығының 65%-ы Қазақстан халқы Ассамблеясы аясындағы медиацияның, қоғамдық келісім кеңестерінің жұмыстарына және қайырымдылық істеріне түсіністікпен қарап, бұл шаралардың қажеттелігін біледі және қолдайды, — дейді БҚО әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-ның қызметкері Әлия Истаева.

Түйіндеп айтқанда, басқа өңірдерде де, жалпы ел көлемінде осындай оңды жағдай байқалатыны анық. Мамандар республикамыздағы ынтымақтастығы жарасқан барлық этнос үлкен бір отбасы секілді қоғамымыздың өркендеуі үшін жұмыс істеп жатқанын айтады. Ал бұл қазақстандықтардың болашаққа деген зор сенімінің қалыптасуына, ұлтаралық келісімнің нығаюына көп үлесін қосары сөзсіз.