Шымкент қаласында биыл жалпы аумағы 302 мың шаршы метрлік 5 мыңнан астам пәтер ел игілігіне беріледі. Бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған көшпелі брифингте қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Әбілсейіт Рабаев мәлімдеді, деп хабарлайды NewTimes.kz.
Сонымен қатар, «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы аясында облыста құрылысы жоспарланған 231 нысанның жыл соңына дейін 115-ін пайдалануға тапсыру межеленген. Биыл қалада 201 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.
«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық филиалының директор орынбасары Ақылбек Қоспановтың айтуынша, аталған банк жүйесі бойынша биыл өңірде 982 пәтер пайдалануға беріледі. Ал 2018 жылы «Нұрлы Жер» бағдарламасы аясында 2500-ге жуық пәтер салу жоспарланған.
3 класстық баспананың шаршы метрі 140 000 теңгені құрайтын болады.
Айта кетсек, бүгінгі күнде тұрғын үйдің адам өмірін және адамның басты қажеттілігін қанағаттандырудағы орны ерекше. Елбасының жыл сайынғы халыққа Жолдауында маңызды міндеттердің бірі, халықтың әлеуметтік жағдайын қамсыздандыру мен өмір сүру деңгейінің артуы көрсетіліп келеді.