БҚО-да мемлекеттік бағдарламар сәтті орындалып, халықтың тұрмысы жақсаруда

Ақ Жайық өңірінде «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдарламалары және ҮИИДБ, Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы, Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдаламалары ойдағыдай жүзеге асуда, деп хабарлайды NewTimes.kz. 

Бұл туралы Батыс Қазақстан облысына жасаған сапары кезінде «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед мәлімдеді.

«Осыдан біраз күн бұрын «Нұр Отан» партиясының кеңейтілген саяси кеңесі өтті. Онда Елбасы республикамызда жүзеге асып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына бақылауды күшейту жөнінде маған нақты тапсырма берді. Соған байланысты өңірлерді аралап, бұл тапсырмалардың орындалуын қадағалаудамын. Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру бағытындағы ісі Батыс Қазақстан облысында да жүйелі жүзеге асып жатқанын көрдім. 90-жылдардағы Орал мен қазіргі облыс орталығын салыстыруға келмейді. Бұрын жол сапасы сын көтермейтін. Ал қазір қалада да, аудандарға апарар жолдар да тақтайдай тегіс. Мектептер ескі, біразы апатты жағдайда болды әрі оқушылар сыймай, кейбірі үш ауысымда оқыды. Бүгінде Ақ Жайық өңірінде апатты жағдайда тұрған бірде-бір мектеп жоқ. Жаңа білім ұялары бой көтеруде. Денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, әлеуметтік мекемелер де жаңа кейіпке еніп жатыр. Төскейіне мал толған ауылдар да дамуда. Мұның бәрі  мемлекеттік бағдарламалардың сәтті орындалуының нәтижесі», — деді Мұхтар Абрарұлы.

Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің баяндауынша, биыл облыста жалпы ұзындығы 500 шақырым болатын қала, елді-мекен арасын жалғайтын, ауылішілік және қалаішілік жолдар салынды. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 290 шақырымды құрады. Биыл бюджеттен Ақ Жайық өңіріндегі су мәселесін шешуге 11 млрд. теңге қаржы бөлінді. Сөйтіп облыстағы 65 мың тұрғыны бар 55 елді-мекенді сумен қамтуға мүмкіндік берілді. Келесі жылы тағы да 50 ауылға орталықтандырылған ауыз су тартылатын болады. Бес аудандағы 35 ауыл, ондағы 106 әлеуметтік нысан көгілдір отынға қосылды. Облыс орталығы мен аудандарда 1700-ден аса тұрғын үй салынуда. 215 шақырымды құрайтын су және жылу инфрақұрылымдары тартылуда. Әсіресе ауылдағы ағайынның әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсатып жатқан бұл істе негізінен «Нұрлы жол» мен Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламаларының бәсі жоғары.