Жергілікті ассамблея мен олардың құрылымдық бөлімшелері мемлекет тарапынан қабылданып жатқан шешімдерді ауыл тұрғындарына жеткізуге жете мән беруде, деп хабарлайды ИА «NewTimes.kz». Соның нәтижесінде аудандар мен ауылдардағы қарапайым тұрғындар жаңа реформалардың қолға алынуының мән-маңызын, олардың халыққа пайдасын сезініп, біліп жатыр.
Бұл турасында таяуда Ақжайық ауданында өткен «Достық көкжиегі» форумында кеңінен сөз болды. Бұл шараға жергілікті және Теректі, Зеленов аудандарының этномәдени бірлестік, қоғамдық келісім кеңесі өкілдері қатысты.
«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 4-бағыты бойынша бағдарламалық құжаттарын жүзеге асыру мақсатында азаматтық қағида аясында біртектіліктің жаңа параметрлері дайындалғаны белгілі. Аталмыш шаралар жоспары бойынша Қазақстан халқы ассамблеясы шеңберінде облыста, ауданда көптеген іс-шара өтті. Біздің аудандағы әбір этнос жалпықазақстандық мәдениетке өз үлесін қосуда. Жалпы қоғамды дамытпай, ұлттық мәдениет өздігінен дамымайтыны анық. Бір этностың екіншісінің жетістігін игеруі – оның мәдениетінің өміршеңдігінің маңызды бөлшегі. Бұл жағдайлар рухани құндылықтардың өзара тығыз байланысуына, сол арқылы адамдар арасында өзара түсіністіктің дамуына негіз болары анық», — деді форум жұмысына сәттілік тілеген аудан әкімі Әділ Жоламанов.
Жиында сөз алған жергілікті «Радуга» славян ұлттық мәдени орталығының жетекшісі Валентина Боричевскаяның айтуынша, орталық жанынан құрылған хор көптеген өнер байқауларына облысымыздың атынан қатысып, биіктен көрініп жүр. Мәселен, жуырда Атырауда өткен «Достықта жоқ шекара» халықаралық байқауында ерекше көзге түсті.
«Отанымыз - Қазақстандағы ұлтаралық байланысты нығайту және қазақстандық біртектілік пен бірлікті дамытуға өз үлесімізді қосып жатқанымызға біз қуаныштымыз», — деді ол өз сөзінде.
Теректі ауданынан келген «Скрябы» белорус этномәдени орталығының төрайымы Мария Плетенина баяндағандай, аталмыш ауданда 29 ұлт өкілі тату-тәтті өмір сүруде. 6 этномәдени орталық бар. 2014 жылы аудан орталығында Достық үйі ашылды. Міне, сонда бәрі бірігіп, достық фестивалін, ұлттық мерекелерін, этнос күндерін өткізеді. Жыл сайын «Мәңгілік ел» тақырыбында мектеп оқушылары арасында шығармалар, ересектер арасында «Қазақша сөйле, орысша оқы, ағылшынша ән сал» байқаулары ұйымдастырылады.
Зеленовтықтар да өздерінің қолжеткізген табыстары жөнінде айтып өтті. Олардың сөзіне қарағанда, ауылдардағы мектептерде достық клубтары жұмыс істейді. Осы клубтар жанынан ұлттық-мәдени бірлестіктер құрылған. Жыл сайын түрлі ұлт өкілдерінің басын қосатын «Асыл мұра» аудандық фестивалі өтеді.
Форум барысында жиналғандар өзара тәжірибе алмасып, өнерлерін ортаға салды.