Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясы мен БҚО әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мекемесі бірлесіп Оралда «Туған жерім – тірегім» атты меценаттар мен қайырымды жандардың облыстық форумын өткізбекші, деп хабарлайды NewTimes.kz.
Облыстық ассамблеяның жаңа жұмыс бағытын қалыптастыру мен ұлтаралық байланысты нығайту және қазақстандық біртектілік пен бірлікті дамытуды мақсат тұтқан бұл форум аясында Орал қаласында «Қайырымдылық керуені» атты акция өтті. Форум шеңберіндегі алғашқы шара бұл акция Тұңғыш Президент күніне арналды.
«Елбасы «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласында «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Нұрсұлтан Әбішұлы патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады дейді. Сол себепті «Туған жер» бағдарламасы қолға алынып отыр. Оның ауқымы кеңейіп, артынан «Туған елге» ұласады. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі екені сөзсіз.
Соған байланысты «Туған жерім – тірегім» форумы өткізілмекші. Бүгін осның аясында қайырымдылық акциясын ұйымдастырудамыз.
Жалпы біз өзіміздің қызметімізде енді қайырымдылық іс-шараларын жүйелі түрде жүргізетін боламыз», — дейді БҚО әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мекемесінің директоры Медхат Қамбетов.
«Қайырымдылық керуеніне» негізінен өңірдегі этномәдени бірлестіктердің өкілдері атсалысты. Сондай-ақ жеке кәсіпкерлер, Орал қаласындағы ірі сауда орталықтары мен базарлардың басшылығы да үлестерін қосты. Олар ұсынған азық-түлік себеттері тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардың, жалғызбасты аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың үйлеріне жеткізілді. «Қоғамдық келісім» мекемесінің мамандарына азық-түлік себеттерін тиісті мекенжайға жеткізуге жоғары және арнаулы орта оқу орындарында оқитын студент-жастардан құралған еріктілер тобы жәрдемдесті. «Қайырымдылық керуені» шеңберінде барлығы 220 оралдық отбасыға әлеуметтік көмек көрсетілді.