БҚО-да «Өрле, Қазақстан!» ақпараттық-насихат тобы құрылып, ағымдағы жылдың шілде-қазан айлары аралығында ауыл-аймақты аралап, одан соң студенттермен кездесті. Жастар мен олардың бастамаларын қолдауға, түрлі мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіруге бағытталған шара таяуда өз мәресіне жетті.
Бұл шараны облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен «Жас қанат» жастар қоғамдық бірлестігі жүзеге асырды. Жоба менеджері Саламат Исламғалидың айтуынша, ақпаратты-насихат тобының мүшелері облыстың барлық ауданында отыздан астам кездесу өткізіп, мыңға жуық ауыл жасына нақты кеңес берген.
«Барлық аудан орталықтары мен ауылдық округтерде өткен кездесулерге жұмыспен қамту мекемелерінің, ауыл шаруашылығы бөлімдерінің, жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтардың, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының мамандары қатысып, ауыл жастарына мәліметтер берді. Жастарды ең бірінші кезекте жұмысқа орналасу және тұрғын үй мәселелері қатты алаңдатады. Өз кәсібін ашқысы келетін немесе кәсіби мамандық алғысы келетін жастар көп. Алайда, мемлекеттік бағдарламалар туралы терең хабары болмағандықтан, түрлі қолдау тетіктерін білмейді. Мәселен, мал өсіргісі келгенімен, ауыл шаруашылығы бойынша түрлі демеуқаржылар қарастырылғанынан бейхабар. Бір ғана мысал, биыл ҰБТ-дан жоғары балл жинап, жоғары оқу орнына грантқа ілікпей қалған жеткіншекпен тілдестік. Жуастығы ма, білместігі ме, құжатын колледжге тапсырмапты. Біздің кеңесімізден соң Орал қаласындағы Ж.Досмұхамедұлы атындағы педагогикалық колледжге оқуға түсті. Қазір мұғалім мамандығы бойынша оқып жатыр», – дейді Саламат Ергенұлы.
Жобаның екінші кезеңінде Орал қаласындағы жоғары және арнаулы орта оқу орындарының білім алушыларын қамту көзделген болатын. Алғашқы кездесулер М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің жаратылыстану-география, филология, физика-математика факультеттерінің үшінші және төртінші курс студенттерімен өтті. Содан кейін өзге де оқу орындарында осындай шаралар өтті. Жалпы облыстағы 17 унивеситет, колледждердің 10 мыңға жуық студенті қамтылды. Студент-жастарға Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тұжырымдамалық мақаласы, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы», сонымен қатар «Дипломмен ауылға», «Қолжетімді баспана – 2020», «Жұмыспен қамту – 2020», «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім», «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру», т.б. бірқатар мемлекеттік бағдарламалары туралы егжей-тегжейлі әңгімеленіп, қойылған сұрақтарға жауап берілді.