Өткен ғасырдың ортасына таман қазақ халқы тағдыр тәлкегімен жер аударылған түрлі ұлт өкілдерін бауырына басып, қолындағы барымен бөліскені белгілі. Соған орай осыдан тура бес жыл бұрын Оралда адамгершілікті ту еткен халыққа кәріс халқының ақжарма алғыстың белгісі ретінде ерекше монумент бой көтерген еді.
Бұл шаруаға рухани бастамашы болған Ақ Жайық өңіріндегі ең белсенді қоғамдық ұйымдардың бірі - кәріс этномәдени бірлестігінің жетекшісі Максим Пак. Ол өз идеясының бірлестік мүшелерінің қолдауымен үш жыл дегенде кәрістердің Қазақстанға келуіне 75 жыл толғанда жүзеге асырылғанын айтады.
- Біз монумент орнату арқылы кәрістердің қазақ халқына деген ризашылығын, алғысын білдірдік. Қазақтар 1937 жылы Қиыр Шығыстан жер аударылып келген аталарымызға, әжелерімізге, әке-шешемізге, бауырларымызға қамқорлық көрсетіп, ас-суымен, баспанасымен бөлісті, рухани демеу болды, - деп ой бөлісті Максим Пак.
Бүгінде Ақ Жайық өңірі кәрістердің екінші Отанына айналды. Облыс аумағында 800-ге тарта кәріс өмір сүруде. Кәріс мәдени орталығының түрлі әлеуметтік жобалары баршылық. Олардың басым көпшілігі мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесуге, қайырымдылық жасауға бағытталған. Мысалға, «Арба» қоғамдық бірлестігімен бірге мүгедектерге тегін массаж кабинеті ашылды. Балалар үйіне де қайырымдылық шараларымен жиі бас сұғады. Бөрлі ауданында кәріс медицинасы негізінде параолимпиадашы-спортшылар массаж жасауға тегін оқытылды. Сондай-ақ кәріс этномәдени орталығының бастамасымен сеулдік «Че Иль» клиникасымен әріптестік меморандумы жасалып, клиника президенті Ким мырза Оралға іссапармен келіп кетті. Ол өңір тұрғындарына Кореяда емделуге екі квота бөлді. Кәріс бірлестігінің қолдауымен Қарабаевтардың, Бақтыгереевтердің отбасылары Сеулге барып, тиісті зерттеулерден өтіп, ем-домын алып, бала сүйді. «Қайырымдылық жасау, жақыныңды қамқорлау қоғамның бірлігін арттырады, адамдардың жүрегін мейірімге толтырады», - деп санайды аталмыш бірлестік жетекшісі М. Пак.
Максим Валерьвич облыстық мәслихаттың депутаты ретінде де, Қазақстан халқы ассамблеясының жанынан құрылған «Ынтымақ» депутаттық тобының жетекшісі ретінде де депутаттық корпус пен ассамблеяның тығыз байланысын қамтамасыз етуді, сол арқылы облыстағы ұлтаралық және дінаралық келісімді, қоғамдық-саяси тұрақтылықты нығайтуды мақсат тұтып, еңбектенуде.
Қазақстанда түрлі этнос өкілдеріне өз тілін, мәдениетін, дәстүрін дамытуға мүмкіндік берілген. Батысқазақстандық кәрістер Дано, Хансик деген жаңажылдық ұлттық мерекелерін, Чусок атты егіншілер мейрамын өзге ұлттық орталықтармен бірге тойлайды.
- Орталықта ана тілімізді үйренуге, мемлекеттік тілді нығайтуға көп көңіл бөлінеді. Жексенбілік мектепте кәріс және қазақ тілдері оқытылады. Балалармен бірге ересектер, өзге де ұлттың өкілдері оқуда. Біздер, Ақ Жайық өңірінің кәрістері, Елбасымызға елдегі саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісім үшін және қазақ халқының бауырмалдылығы мен ниет-пейіліне орай алғысымызды айтамыз, - деді Максим Пак.