Атыраулық аспаптар оркестрі Түркия және Австрияға гастрольдік сапармен аттанды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Атырау облысы әкімдігінің, ұйымдастыруымен Нұрмұхан Жантөрин атындағы Қазақ халық аспаптар оркестрінің ұжымы Түркия және Австрия елдеріне гастрольдік сапармен аттанды, деп хабарлайды «NewTimes.kz» ақпараттық агенттігі.

Фото: azh.kz

Атыраулық аспапшылар алғашқы концертін Ыстамбұл қаласында берді. Оркестрдің орындауындағы күйлерді ― «Түркиштің» көңілашары, Айтқали Жайымовтың «Шалқыма», Құрманғазы бабамыздың «Серперін» концертке келген тындармандар ыстық ықыласпен қарсы алды. Онымен қоса, түрік бауырларымыздың шығармаларын орындаған оркестрге Түрік еліндегі қандастарымыз да ерекше ыстық сағыныштарын жеткізді.

«Ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы түрік елінде де қызу талқыланды. Ең басты мақсат екі елдің арасындағы экономикалық-мәдениеттік қарым-қатынасты орнату және осындай өнер сүйер елге халқымыздың өнерін паш ету. Осы жерге келген барлығыңызға ризашылығымыз шексіз. Үлкен алғысымызды білдіреміз», – деді Атырау облысы әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева.

Келесі концертін Атырау облысынан келген оркестр ұжымы Вена қаласында қойды.