Қызылордада жас кәсіпкер Серікбол Ералиев «Smart Generation» робототехника мектебін ашты.
Кәсіпкерлікпен айналыспас бұрын Серікбол қаладағы қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығында робототехника үйірмесінде жетекші болып жұмыс жасаған. Одан кейін өз ісін ашуды қолға алады.
Кәсіпкер бұл мектепті ашуда 2,4 млн теңге қаржы жұмсаған. Оның ішінде 500 мың теңгесін «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының тамыз айында ұйымдастырған байқауында жеңіп алған.
Мектепте жасы 6-ға толған балалардан бастап кез келген ниет білдіруші жастар қатыса алады. Мектеп ақылы негізде. Ал «ерекше» балаларға (мүмкіндігі шектеулі балаларға) тегін өткізіледі. Робототехника мектебіне қатысушылар аптасына 4 сағат оқиды.
«Мектепті ашуға түрткі болған жайт – қазіргі заманның талабы. Робототехника саласы өте қарқынды дамып келе жатыр. Заман сұранысы ақпараттық техника саласының мамандары дейтін болсақ, бұл мамандарды қалай дайындаймыз? Мәселе осында. Болашақ осы сала мамандарын бүгіннен, 6 жасынан бастап тәрбиелеуді қолға алғымыз келіп отыр. Мектепке қажетті құрал-жабдықтарды әр елден жинақтадық. Мәселен, кей құралдар Даниядан алдырылды, енді бірін Ресейден, Қытай, Алматы, Астанадан алдық. Мектепті ашқаннан кейін кешенді жасаған жөн. Сондықтан да материалдық базаның толық болуына көңіл бөлдік», — дейді Серікбол Ералиев.
Мұнан өзге мектеп жетекшісі Серікбол айына бір рет осы мектепте оқитын балалардың барлығының басын қосып, жалпы іс-шара өткізуді қолға алмақ. Кәсіпкер бұл қадамын техникамен әуес балалар момын, томаға-тұйық келетінімен, ал жалпы көпшілік шаралар балалардың мінезін ашуға септігін тигізетіндігімен түсіндіруде.
Айта кету керек, қазірдің өзінде мектеп ашылады деп естіген 11 бала оқуға жазылған.