Жастарға қолдау көрсету – мерейлі міндет

«Ақсай жастары» қоғамдық бірлестігі - Бөрлі ауданы жастарының басын біріктіріп отырған іргелі ұйым. Олар соңғы кезде психологиялық көмек көрсетуді жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Соның нәтижесінде аудан жастарының арасындағы суицид сынды келеңсіздіктер қатары азайды.

Бірлестік төрайымы Әсел Сарбөпееваның айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар жеке қабылдау, топ болып жиын өткізу, тренинг түрінде ұйымдастырылып жүр. Сенім телефоны да жұмыс істейді.

«Осыдан екі-үш жыл турасында Ақсай қаласында жастар мен жасөспірімдер арасында өз-өзіне қолжұмысау деректері көбейіп кетті. Мәселен, бір мектептің өзінен төрт оқушы осындай әрекетке барды. Сол себепті біз былтырдан бастап бұл іске жете мән бердік. Бұл іске арнайы суицидиологтарды тарттық. Жастар арасында, соның ішінде мектеп, колледждерде түрлі тренингтер өткіздік. Биылдан бастап оқу орындарындағы әрбір сыныпта бөлек-бөлек шаралар өткізіп келеміз. Ал жеке қабылдауға келгендер немесе сенім телефонына қоңырау шалатындар да көбінесе түрлі депрессия түскендер болып табылады. Мемлекеттік құрылымдармен, білім мекемелерімен, қоғамдық ұйымдармен бірлесіп әрі жүйелі түрде жүргізген жұмыстарымыздың нәтижесінде биыл әзірге ауданда суицидтан көз жұмған жандар болған жоқ. Біз сондай-ақ заңгерлік кеңес те береміз. Оған көбіне жас отбасылар жүгінеді. Оларға негізінен алимент, пәтер алу мәселелері бойынша кеңес беріледі», — дейді ол.

«Ақсай жастары» сонымен қатар аудандағы жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, волонтерлік қызметті жандандыру бойынша да тер төгіп келеді. Жас жанұяларға отбасылық құндылықтарды насихаттау да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Мәселен, таяуда болған Отбасы күні мерекесіне орай бұл бірлестіктің ұйымдастыруымен ауданның біраз ауылдарында Отбасы апталығы өтті. Онда өзгелерге үлгі болып жүрген жас отбасылар насихатталып, марапатталды. Жалпы бұл қоғамдық ұйым бөрлілік жастарға қолдау көрсетуді өздерінің мерейлі міндеті санайды.

«Елбасы жастарға үлкен сенім артып, әрдайым қолдау көрсетіп жүр. Президентіміз жастармен кездескенде мемлекет жас ұрпақтың алдынан жаңа мүмкіндіктер ашылуы үшін барлығы жасалып жатқанын, жастардың табысы Отанымыздың табысы екенін айтып келеді. Сол себепті бізге жасалған мүмкіншілікті көре білуіміз, артылған үмітті ақтауымыз және жүктелген жауапкершілікті сезінуіміз керек. Бір сөзбен айтқанда «мемлекет маған не істеді деп емес, мен мемлекетке не істедім?» өз-өзімізге сұрақ қоя білуіміз қажет. Сонда ғана жастарымыз тұлға баолып қалыптасады», — дейді Әсел Сарбөпеева.

Ернар ХАЙДАР,

Батыс Қазақстан облысы