Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын бағдарламалық мақаласының «Туған жер» бөлімінде: «Туған жеріне көмек жасаған жандарды қолдап-құрметтеудің түрлі жолдарын табу керек» деген болатын.
Осы бағдарлама негізінде қазақстандық белгілі кәсіпкер Қайрат Құдайберген мен Q4 Busіness School спикерлері бірігіп, Шымкент қаласында жүзеге асырған «ЖЕТІСТІК» жобасы мамыр айында мәреге жеткен еді.
Еліміздің барлық аймақтарын қамтитын жоба Шымкент қаласынан бастау алған болатын. Жобаның ашылу салтанатына 500 адам қатысып, спикерлер 7 кәсіпкерді таңдап алған.
Жоба барысында Q4 Busіness School Шымкенттен өз бөлімшелерін ашты. Сонымен қатар таңдап алынған кәсіпкерлермен жеке жұмыс істей отырып, оларға кәсіби білім берді.
Туған еліміздің игілігі үшін жасалған «ЖЕТІСТІК» жобасы аясында «AІDANA PLAZA» қонақүйінде қорытынды шеберлік сыныбы да өткен. Мұнда спикерлер өз тәжірибелерімен бөлісе отырып, халыққа есеп берді. Аталған жиын барысында бизнес-практик Талғат Сақанұлымен сұхбаттастық.
«Біздің Q4 бизнес мектебінің ерекшелігі – мұнда бір ғана емес, бес спикер бар. Бесеуміз де кәсіпкерліктің қыры мен сырын әбден меңгергенбіз. Әрине, біздің де қателесетін кездеріміз болады. Сондай сәтте жанымыздан үнемі менторымыз Қанат Құдайберген табылып, дұрыс бағыт-бағдар сілтейді. Біздің алдағы мақсатымыз – сондай қателіктерге ұрынып қалмауы үшін өзгелерге бизнесте үлкен жетістікке жеткен адамдардың нақты тәжірибелерін үйрету.
Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта тренинг саласы қарқынды дамуда. Бұл – Қазақстанға келіп жеткен тренд. Демек, оған сұраныс бар. Сол себепті бизнес үйрететін мектептер саны да артуда. Оның көбейгені жақсы, одан қорықпау керек. Себебі, бәсекелестік артқан сайын сапа да жақсара түседі.
Мәселен, өзімізді алайық. Біз тек теориямен шектелмейміз, оған тәжірибені ұштастырамыз. Көп адамдар өз бизнес идеясымен кәсіпке бірден кірісіп кетпекші болады. Сол үшін үйін кепілге қойып, банктен несие алады немесе біреуден қарыз сұрайды. Әдетте қандай да болмасын бизнестің бастамасы осылай болып келеді. Мұның тағы басқа жолы бар. Бұл үшін біздің мектепке келіп, бизнес идеясын ортаға салса, біз оған нақты қадамдарды көрсетеміз. Алдымен оның тауары сұранысқа ие ме, жоқ па, соны тексереміз. Бүгінде бізге келушілер аз емес. «Менің бизнес идеямды ұрлап алады» деп сандықтың түбіне сақтап қойғанша, әрекет ету керек. Біздің бизнес мектептің курсынан өту ақысы –100 мың теңге. Ал, шеберлік сыныптары – 2000–5000 теңге аралығында», – деді Талғат Сақанұлы.
Спикерлердің тәлімін алған 7 кәсіпкердің қатарында шымкенттік Сейітбек есімді жігіт бар. Оны жобаның ашылу салтанатына жиналғандар өздері таңдапты. Бұрын базарда жүрген жігіт қазіргі таңда кітап бизнесімен айналысуда. Ол кітаптарды қолдан төмен бағада сатып алып, кейін интернет арқылы өзгелерге оқуға жалға береді. Оған бір айға 3 мың теңге төлеп, осы мерзім ішінде одан бір емес бірнеше кітапты таңдап алып оқуына болады. Сұраныстың артуына байланысты жас жігіттің бизнесі бүгінде жақсы жүріп жатыр. Ал, бұл «жұрт кітап оқымайды» деген пікірге мүлдем кереғар келеді.
Талғат Сақанұлы өздерінің пайданы ғана көздемей, қайырымдылық істермен де айналысатындарын айтып өтті. Олар оңтүстікқазақстандық Назерке есімді кішкентай қызды өз қамқорлықтарына алған. Оның отбасының пәтер-ақысын төлеп, Алматыдағы «ШипаМед» емдеу орталығында жеткіншекке массаж жасатуда. «Массаждан кейін үлкен емханаларға апарып көрсетуді көздеп отырмыз. Қазіргі уақытта Назеркенің денсаулығында біршама оң өзгерістер байқалуда, келешекте жүріп кетеді деген үміт бар» дейді кәсіпкер. Бұдан бөлек, жетім балалар үйіне де қамқорлық көрсетіп келеді.
«Біздің бизнестің өзгелерден ерекшелігі сол, біз қайырымдылықты, спортты және бизнесті қатар алып келе жатырмыз. Түрлі спорттық шаралар өткіземіз. Өз мектебімізді еркін кәсіпкерлер мектебі деп атаймыз. Себебі, мемлекеттен қаржы бөлінуін күтіп отырмаймыз, өз жұмысымызды еркін істейміз. Ешкім бізге нұсқау бермейді», – деді Талғат Сақанұлы. Алдарына айқын мақсат қойып, ынтымақ пен ауызбіршілікте жұмыс істеп жүрген бес спикердің бастамасы өзгелерге үлгі-өнеге болатындай. Үш сағатқа созылған шеберлік сыныбынан жиналғандар мол ақпарат алып, тәжірибелерін байыта түсті.