Елбасы «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барды

Оңтүстік өңіріне арнайы жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Шымкент мұнай өңдеу зауытының жұмысымен танысты.

Кәсіпорын К-4 және К-5 экологиялық стандарттарына сай мұнай өнімдерін өндіруге маманданған. Зауыт жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде мұнай өңдеу көлемін жылына 6 миллион тоннаға дейін көбейтті.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевқа Атырау және Павлодар мұнай өңдеу зауыттарының жұмысы жөнінде мәлімет беріліп, Қазақстанның мұнай нарығындағы қазіргі жағдай туралы баяндалды.

Баяндаманы тыңдаған соң Қазақстан Президенті экологиялық тұрғыдан таза жанармай түрлерін пайдаланудың және оның тұрғындар үшін қол жетімді болуын қамтамасыз етудің маңызды екенін атап өтті.

«Біз газбен жүретін автобустар шығарып жатырмыз. Солардың өндіріс көлемін ұлғайту қажет. Бұл ұлттық экономиканы ынталандырып, экологияға келетін зиянды азайтады. Сонымен қатар, көлікті газбен жүруге көшіру оның иелері үшін де тиімді», – деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, мұнан кейін Нұрсұлтан Назарбаев қаланың активімен және белсенді азаматтарымен кездесіп, әлеуметтік-экономикалық даму мәселесін сөз қылды. Кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың бұдан кейін де жалғасатынын айтып, жергілікті билік өкілдеріне шағын және орта бизнесті дамытуды тапсырды.

«Шағын жəне орта бизнесті дамыту керек, инвесторларды жұмылдыру қажет. Туризм дамуы үшін жақсы дамыған инфрақұрылым, замануи əуежай мен теміржол вокзалы болуы тиіс. Туризм – əлемдегі ең табысты бизнес. Ал Шымкенттің мүмкіндіктері мол: қалада саябақтар, цирк, дендросаябақ, зообақ, концерт залдары бар. 2020 жылы Шымкент ТМД-ның мəдени астанасы атанбақ. Соған дайындалу керек», ― деді Мемлекет басшысы аталған жиында.