«Дипломмен ауылға» бағдарламасы талай жасқа қанат бергені сөзсіз. Бұл игілікті істің жемісін батысқазақстандық жастар да көруде.
Елдің шетінде, желдің өтінде, облыс орталығынан 500 шақырым қашықтықта орналасқан Жәнібек ауданына маман тарту мәселесі өзекті. Әсіресе дәрігерлер жетіспейді. Ақтөбе қаласындағы М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің түлегі Гүлсая Сүлейменова Жәнібек аудандық ауруханасында жыл жарым уақыт терапевт қызметін атқарған. Кейін невролог мамандығын игеруге бел байлап, жас маман жолдамамен Ақтөбеде алты ай қайта даярлау курсынан өткен.
«Қазіргі уақытта жүрек-қан тамырлары ауруы көп. Оның ішінде инсульт өте қауіпті. Сондықтан жаңа мамандығыма жауапкершілікпен қараймын. Терапия науқастың жағдайын толық барлайтын болса, неврология – нақты мамандық. 2016 жылы М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетін бітіріп, Жәнібекке келген алты маманды аудандық ауруханаға жұмысқа алып, әріптес болдық. Бағдарлама бойынша бір жолғы көтермеақы төленіп, жаңадан салынған үйді алуға несие берілді. Сөйтіп әлеуметтік мәселеміздің біразы шешімін тапты», — деді Гүлсая Сүлейменова.
Гүлсаяның зайыбы Бақыт Қанатов та аудандық ауруханада фтизиатр қызметін атқарады. Оның айтуынша, мемлекет тарапынан құрт ауруымен күресуге, алдын алуға жете мән берілуде. Соның нәтижесінде биыл жылдың 9 айында туберкулез ауруынан өлім-жітім тіркелген жоқ. Осы уақыт аралығында флюрография тексерісінен өткендер саны 7 925 (95%) адамды құрады.
Жәнібек аудандық орталық аурухананың директоры Сәуле Исмағұлованың сөзіне қарағанда, ауданда гинеколог, окулист сынды көз дәрігерлер тапшы. «Дипломмен ауылға» аясында 2015 жылдан бері медицина саласына 10-нан астам жас маман келген. Соның төртеуіне баспана берілген. Жыл соңына дейін тағы да екі маман келеді деп күтілуде.
Ернар ХАЙДАР,
Батыс Қазақстан облысы