БҚО-да жастарды әлеуметтендіруге мән берілмек

«Жастар бастамаларын қолдау бойынша әлеуметтік қызмет» жобасын  түсіндіру мақсатында Ақ Жайық өңіріне Алматыдан «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің мүшелері келді.

Олар облыстың Зеленов, Теректі сынды бірқатар аудандарында болып, жастармен, мұғалімдермен, ата-анадармен кездесті.

«Жастарды әлеуметтендіру дегеніміз – шығармашылық, спорттық, әкери-патриоттық, зияткерлік, қоғамдық белсенділік, ұлттық құныдылықтарды тану, өз-өзін бағалау тұрғысынан жас толқынның болашақ тұлға ретінде қалыптасуына жағдай жасау. Әрбір баланың дамуы – ең әуелі оның өз-өзіне деген сенімділігін арттырумен тікелей байланысты. Абай атамыз: «Жүректе оты жоқ адамда ми болмас» деді. Расында, жүректе оты бар бала кез келген қиындықты жеңіп шығады, биік асуларды бағындырады. Сол жүректегі от ұшқынын дарытатын – отбасында ата-ана, мектепте ұстаздар қауымы. Жалпы ұстаздар қауымы балалардың өз-өздеріне деген сенімділіктерін арттыруда өте маңызды қызмет атқарады. Баланы көтермелеп, оның бойында жасырынып жатқан жақсы қырларын танып, соны дамыту арқылы үлкен тұлға қалыптастыруға болады. Атаулы жоба ең әуелі балалардың өз-өздеріне деген сенімін арттыруға көмектеседі», — деді  «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің директоры Арман Әубәкір.

Жиында сөз алған БҚО бойынша жоба менеджері Нұрлан Сәдір еліміздегі «NEET жастар» туралы мәлімет берді. «Біз қолға алған жоба алты бағыт арқылы жүзеге аспақ,-деді ол.- Осы бағыттар бойынша байқаулар ұйымдастырылып, үздіктерді анықтаймыз («Үздік спортшы», «Үздік өнерпаз», «Жас этнограф», «Үздік ерікті», «Үздік зияткер», «Әскери-патриоттық бағыт үздігі»).  Бұл байқаудың өскелең ұрпақты әлеуметтендіру ісіне өзіндік ықпалы болады деп сенеміз. Осындай жобалар арқылы «NEET жастар» саны азайтуға септігімізді тигізігіміз келеді».

Кездесу барысында жиналғандар аталмыш жоба жайында сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізді.

Ернар ХАЙДАР,

Батыс Қазақстан облысы