Шымкент пен Түркістан облысының кәсіпкерлері Жолдауға қолдау білдірді

Шымкентте Түркістан облысы мен Шымкент қаласы кәсіподақ ұйымдарының мүшелері мен өкілдері қатысқан жиын өтті. Жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауындағы басым бағыттар сөз болды.

Фото: Liter.kz

Түркістан облысы кәсіподақтарының төрағасы Берік Бекжанов «Жолдауда әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына ену жолындағы міндеттер жүктелген. Еңбек адамының мүддесі қорғалып, жұмысшылардың тұрмыс деңгейін жақсарту негізге алынған. Ең төменгі жалақы көлемінің ұлғаюы, бюджеттік мекеме қызметкерлерінің жалақысының өсуі жұртшылықты қуантып жатыр. Кәсіподақтар да Президентіміздің бастамалары мен идеяларын қолдайды және Жолдаудағы міндеттерді орындауға үлес қосады» деді.

Сонымен қатар, жиында төраға орынбасары Серік Әуесханов баяндама жасаса, кәсіподақ саласының ардагері, «Халықтар достығы» және «Құрмет» ордендерінің иегері Досыбай Шерімқұлов және өзге де азаматтар жарысөзге шығып, ойлары мен ұсыныстарын жеткізді.

Алдағы уақытта Жолдаудағы басым бағыттар әрбір бастауыш кәсіподақ ұйымдарында, кәсіпорындар мен еңбек ұжымдарында насихатталып қана қоймай, оны жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар да қолға алынбақ.

Еске салайық, биыл 5 қазанда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауын арнады. Бұл жолғы маңызды құжат халықтың әл-ауқатын арттыруға және сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтуге екпін берген. «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» деп аталатын Жолдауды Нұрсұлтан Назарбаев отандық телеарналардан тікелей эфир арқылы, билік өкілдерінің түгелдей дерлік қатысуымен өткен жиында жария етті және 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялайтынын мәлімдеді. Жолдау негізінен 6 басым бағыттан тұрады.