Белсенді жастары «Өз тарихын ұмытқан халықтың болашағы болмайды» деген ұранды ұстанған форумда бас қосты.
Орал қаласында өткен бұл жиын Қазақстан тарихы, туризм және хакатон секілді үш секцияда ұйымдастырылды. Жастардың көп шоғырланып, белсенді қатысқаны хакатон болды. Бұл секцияда баяндама жасаған Астанадан келген кәсіпкер, «Digital Business» компаниясының басшысы Нұрбек Айтбаевтың айтуынша, хакатон IT саласында жүрген жастардың басын қосып, олар өздерінің стартап идеяларын ортаға салуға мүмкіндік береді.
Астанадағы Назарбаев университетінің бизнес-акселератор менеджері Айнаш Сейітова жүргізген шарада хакатон бойынша жастарды бизнес әлеміне «саяхат» жасатып, оларға тың жобаларды жүзеге асыру жолдары жөнінде ақпарат берді. Әділқазылар жастардың топқа бөлініп орындаған жобаларын, бизнес-жоспарларын бағалап, үздіктерді марапаттады.
Пленарлық мәжілісте сөз алған БҚО жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Аян Сақошев бұл басқосудың өзара тәжірибе алмасып, шығармашылық байланысты арттырудағы маңыздылығын атап өтті. Астана қаласындағы «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы директорының орынбасары Батырхан Жұмабаев еліміздегі, соның ішінде БҚО-дағы қасиетті жерлерді, нысандарды қорғау, сол бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.
«Форумның туризм және тарих секцияларына қатысып, саратовтық қазақтардың тұрмыс-тіршілігі жайлы баяндадым. Бүгінде Саратовтағы қазақ тілінің жағдайы мүшкіл. Неге десеңіз, жастардың көбісі қазақша түсінбейді. Сауалнама жүргізгенімізде, әсіресе қазақ жастарының ана тілін білмейтіні анықталды. Қазір осы жағдайды жақсарту бағытында нақты іс-шаралар қолға алынуда. Мәселен, «Ана тілі» деп аталатын курс ашылып, онда қазақ тілінен Батыс Қазақстан облысының тумасы Жазира Жақсыбаева сабақ беріп жүр. Сонымен қатар Асқар Кенжеғалиев өзі жетекшілік ететін «Орал сазы» ансамблін шақырып, үш-төрт жерде концерт ұйымдастырдық», — дейді Саратов қаласындағы «Достар» қазақ мәдениетін қорының белсендісі Артур Нұрмұхамбет.
Ернар ХАЙДАР,
Батыс Қазақстан облысы