Ақ Жайық өңіріндегі жергілікті атқарушы билік құрылымдары енді жастарды толғандыратын нақты мәселелерді шешумен айналысуға жете мән бермекші. Бұл туралы БҚО әкімі Алтай Көлгінов жастардың алқалы жиынында мәлімдеді.
Облыс әкімдігі жанындағы жастар істері жөніндегі кеңестің кеңейтілген отырысына жергілікті атқарушы билік құрылымдарының басшылары, аудан әкімдері, ЖОО ректорлары, жастар ұйымдарының өкілдері, студенттер қатысты. Жиында «БҚО жастарын дамытудың 2017-2020 жылдарға арналған жол картасының» жүзеге асу барысы, облыстағы жастардың барлық санатын қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар пысықталды.
-Күні кеше Елбасы жастарды кешенді түрде қолдау мақсатында келесі жылды Жастар жылы деп жариялау туралы Жарлыққа қол қойды. Кезекті Жолдауында жастардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағыттарын да белгіледі. 2019 жыл Жастар жылы деп жариялануы жастар саясатына үлкен серпін береріне сенім мол. Біз қазіргі таңда облысымыздағы жастарға қатысты мәселенің барлығын зерттеп, зерделеп, бірқатарын іске асырудамыз. Сол себепті Жолдау бұл ісімізге үлкен қолдау болары сөзсіз,-деді Алтай Сейдірұлы.
Жиын барысында сөз алған жас журналист, аталмыш кеңестің мүшесі Галина Мальцеваның пікірінше, бүгінгі жастар еліміздегі атқаралып жатқан игі істердің көш басында жүрулері керек. Адамның бойындағы отансүйгіштік, елжандылық қасиеттерін дамытатын «Рухани жаңғыру» секілді бағдарламалардың жүзеге асуына аянбай үлестерін қосқандары жөн. Жас инженер Ақжол Жандауов бұқаралық және олимпиадалық спорт түрлерін дамыту туралы ойын білдірді. Қазталов ауданынан келген жас кәсіпкер Индира Әлібекова өз замандастарын қорықпай кәсіп бастауға шақырды. Соған орай жастар үшін берілетін шағын несиелердің түрін көбейту керек деп санайды. БҚМУ-дың 3-курс студенті Әйгерім Лұқпанованың ойынша, келер жылдан бастап инновациялық-технологиялық бағытта студенттердің жазғы лагерін ұйымдастыру және жастар жылына орай облыс орталығындағы бір аллея не көшені жастардың атымен атаған дұрыс.
Жиын соңында өңір басшысы жиында жастар тарапынан айтылған ұсыныстың бәрін қолдайтыны әрі жоспарына енгізетінін айтты.