БҚО ауыл жастарының уақыты тиімді ұйымдастырылуда

Ақжайық ауданы жастарының бастамасымен былтыр аудан орталығында «Шапағат» қайырымдылық дүкені ашылды. Қазіргі уақытта 13 ауылда осы дүкеннің желілері жұмысын бастап, аз қамтылған, көп балалы отбасыларына пайдаға жарайтын киім-кешек беріп, ақшалай, заттай және азық-түлік себеттерімен көмектерін көрсетуде.

«Дүкен өткен жылы 28 маусымда ашылды. Содан бері 500 мың дана киімі берілген екен, көбі балалар киімдері. Бұл киім-кешектің бәрі бірдей пайдаланғандар емес. Чапаев, Тайпақ секілді ірі ауылдардағы кәсіпкерлер уақытында өтпей, сәннен қала бастаған су жаңа киімдерді де әкеліп беруде. Сондай-ақ тұрмыстық техникалар да бар. Жергілікті кәсіпкерлер тұрақты түрде азық-түлікпен көмектесіп тұрады. Жыл жарым уақыттың ішінде аудандағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған 542 кісі осындай қайырымдылық шараларына тартылды», — дейді Ақжайық аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы Әлия Шарапиева.

Айта кетейік, бұл ауданда жастардың уақытын тиімді ұйымдастыру жұмыстары жақсы жолға қойылған. Мұнда былтыр облыс аудандары ішінде алғаш болып коворкинг орталығы ашылды. Ал биыл Жаңабұлақ ауылында осындай орталық пайдалануға берілді. Өскелең ұрпақ арасында бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында 110 спорт алаңы, 28 спорт зал, 4 стадион мен спорт кешені, 1 фитнес зал жұмыс істейді. Барлық ауылдық округте қыс мезгілдерінде мұз айдыны жасақталып, онда жастар арасында түрлі сайыстар ұйымдастырылады. 18 «Streetworkout» көше спорт құрылғылары орнатылды.

Аудан жастары мәдени салада да белсенді. Ауыл-аймақтағы 45 кітапхана, 1 мәдени-демалыс орталығы, 18 мәдениет үйі, 10 ауылдық клуб, 1 өлкетану мұражайына барушылар негізінен жастар. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауыл жастарының бастамасымен «Мен сыйға тартқан домбыра» акциясы ұйымдастырылып, аудан мектептеріне 300-ден аса домбыра тарту етілді. Ал 200-ге тарта жас танымал ақын Сағынтай Бисенғалиев жетекшілік ететін «Муза» шығармашыл оқырмандар отауында тәлім алып жүр.