Ақ Жайық өңірінде 89 жастар ұйымы болса, соның 64-і Орал қаласында. Міне осынау жастар қоғамдық бірлестіктерімен облыс орталылғында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, NEET санатына кіретін өскелең ұрпақ саны азаюда.
Орал қаласының жергілікті атқарушы билік құрылымдары «БҚО жастарын дамытудың 2017-2020 жылдарға арналған жол картасын» орындауды жеті бағытында жүргізуде. Атап айтсақ, бірінші аула клубтарына болашақ өкілдерін тарту қолға алынған. Қазіргі таңда облыс орталығында 17 аула клубы болса, оған 2400-дей жас қатысады. Екіншісі, бұқаралық спорт түрлерінен кәсіби емес лига құрылуда. Бүгінде волейбол, баскетбол және футболдан осындай лигалар бар. Келесі бағыт спорт алаңдарын салуға арналған. Қазір шаһарда 44 алаң болса, соның 14-і биыл бойкөтерді. Ал келер жылы олардың санын 27-ге дейін арттыру жоспарлануда. Оқу орындарында сабақтан тыс уақытта түрлі үйірмелер мен секциялар ашу төртінші бағыт болып саналады.
Оралда 2014 cекция болса, соның 1274-і олимпиадалық спорт түрлері бойынша, 528-і олимпиада бағдарламасына кірмейтін спорт түріне қатысты. Жалпы мұндағы мектептерде 3 мыңға жуық оқушының қамтитын 316 секция бар. Бесіншісіне жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған жобаларды қаржыландыру жатады. Биыл мемлекеттік жастар саясатын жүргізу шеңберінде жастар ұйымдарының әлеуетін пайдалана отырып, әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыру үшін 12,9 млн. теңге көлемінде қаражат бөлінген. Соған байланысты 9 әлеуметтік маңызы бар жоба жүзеге асырылды. «Жасыл Ел» мен студенттік құрылыс жасақтарының қызметін ұйымдастыру – алтыншы бағыт. Соған орай қалалық бюджеттен 14,5 млн. теңге қаржы бөлініп, 1 мыңнан астам жас жұмысқа тартылды. Соңғысы – жұмыспен қамту. Қала бойынша тіркелген жұмыссыз жастар саны 825 жанды құрайды. Жұмыссыздық деңгейі - 2,8%. Жыл басынан бері 1230 жас жұмыспен қамту мәселелерімен құзырлы мекемелерге жолығып, оның 1093-і тұрақты жұмысқа орналасты.