Нартай Бекежанов атындағы театрда композитор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Төлеген Мұхамеджановтың «Құс жолы» атты шығармашылық кеші өтті.
Биыл Төлеген Мұхамеджанов мерейлі 70 жасқа толды.
Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Төлеген Мұхамеджановты мерейтойымен құттықтады.
«Осы бір толғанысты сәтте сонау тоқсаныншы жылдары талғампаз көрерменнің жүрек төрінен орын алып, шынайы махаббаттың көрінісін бейнелеген талантты режиссер Талғат Теменовтің «Махаббат бекеті» фильмін еске түсірсек деймін. Күні бүгінге дейін өз тыңдармандарын еселей түскен "Махаббат бекеті" композициясының авторы Төлеген Мұхамеджанов болатын. Төлеген Мұхамеджанұлы тек махаббат әнін жазатын композитор болып қана қалған жоқ, ол симфония, опера, камералық шығармалар жазып, қазақ өнерінің классикалық үлгісін дамыта білді. Бүгінгі өнер кешінің «Құс жолы» аталуы да тегін емес. Құс аспанға ғана лайық болса, Құс жолы ұлылыққа ғана лайық», — деді аймақ басшысы.
Шығармашылық кеште музыкант жары опера әншісі Нұржамал Үсенбаевамен бірге «Мен сенімен кездестім», «Махаббат диалогы» авторлық композицияларын орындады. Сонымен қатар, концертте «Заман-ай», «Іңкәрім-ай», «Туған жер», «Мен деп ойла» және т. б. әндер шырқалды.