Түркия, Ресей, Германия және Қазақстан ғалымдары түркі тілдес мемлекеттердің қалыптасуындағы Сыр өңірінің мәдени мұрасының рөлі туралы айтты.
Конференцияны ашқан Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Наурызбай Байқадамов Сырдария төңірегіндегі мәдени-тарихи ескерткіштердің көне түркі тайпаларының мәдениеті мен өркениетін дамытудағы маңызын атап өтті.
Конференцияда Хажы Байрам Вели университетінің профессорлары ф.ғ.д. Өжал Оғуз және ф.ғ.д Хулия Касапоглу (Түркия, Анкара), Н.Миклухо-Маклай атындағы антропология және этнология институтының профессоры, т.ғ.д. Ирина Аржанцева (Ресей, Мәскеу), Тюбинген университетінің профессоры, белгілі археолог Генрих Харке (Германия), Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ түркітану кафедрасының профессоры ф.ғ.д. Шәкір Ыбыраев пен ф.ғ.д. Амантай Шәріп, сондай-ақ, Халықаралық түркі академиясының аға сарапшысы ф.ғ.к. Нәпіл Базылхан (Астана) баяндама жасады.
Конференцияда шетелдік және отандық түркітанушы ғалымдар Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы «Түркі әлемінің генезисі» арнайы жобасы аясында ғылыми ізденістерін таныстырды.
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры Бағдат Кәрбозов пен Әзілхан Тәжекеев аймақтағы көне түркі өркениеттері мұрасын сақтау және көпшілікке тарату жұмыстары туралы айтып берді.
Ғылыми-теориялық конференцияға қатысушылар үшін Хорезм экспедициясының материалдары бойынша әзірленген «Сыр өңірінің зерттелу тарихы» кітап-альбомының тұсаукесері және тарихи жәдігерлер көрмесі ұйымдастырылды.
Айта кетейік, бүгін ғалымдар облыс әкімі Қ.Көшербаевпен кездесіп, Сыр өңірінің мәдени мұраларын сақтау бойынша жүргізілетін алдағы жұмыстарды талқылап, Қызылорда қаласындағы «Рухани жаңғыру» орталығы мен облыстық тарихи-өлкетану мұражайында болды. Сондай-ақ, шетелдік қонақтар Жаңақорған ауданындағы Сығанақ қалашығы мен Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата мемориалдық кешеніне барады.