Қызылордада кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын-алу мәселесі талқыланды

Қызылордалықтар 2015 жылы республикада алғаш болып, ЮНИСЕФ Балалар қорымен бірлесіп, «Кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтер превенциясы» пилоттық жобасын енгізген. Жоба аясындағы жұмыстарды облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ақзира Қасымова «Нұр Отан» партиясының «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша «Білім» бағытындағы аймақтық комиссияның кезекті отырысына жан-жақты айтып өтті.

Фото Sputniknews.kz сайтынан алынды

Атап өту керек, аймақтық комиссия отырысының күн тәртібінде «Кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын-алудағы ата-ана мен мектеп арасындағы қарым-қатынас мәселесі» қаралды. Жиынды комиссия төрағасының орынбасары, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша  педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры Бауыржан Елеусінов жүргізді. Ол жасөспірімдердің арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын-алу, балаларымыздың бойында дұрыс құқықтық тәрбие мен құқықтық білім беру, ата-ана жауапкершілігі турасындағы мәселелерді кеңінен ортаға салды.

Жоғарыда атап өткеніміздей ЮНИСЕФ Балалар қорымен бірлескен пилоттық жобасын өңірде «Bilim Foundation» қоғамдық қоры іске асырып келеді.

«Өткен жылы жобаны жүзеге асыруға облыстық бюджеттен 50,0 млн.теңге қаралса, ағымдағы жылы 66,0 млн теңге бөлінген. Жоба аясында педагог мамандар мен ата-аналар оқу курстарынан өтіп, бүгінгі күні жоба нәтижесін беруде, — дейді облыстық білім басқарамасы басшысының орынбасары Ақзира Қасымова.

«Пилоттық жоба аясында облыс бойынша 811 педагог-психолог, өзін-өзі тану пәні мұғалімдері 100 пайыз  «Терапевтік альянс ортасын құру» курсынан өтті. Сонымен қатар, облыстағы 39 092 ата-анаға «суицид сақшылары» курсы оқытылып, нәтижесінде 21 жасөспірімді суицидтен аман алып қалуға қол жеткізілді. Осы орайда, 2018-2019 оқу жылы облысымызда ата-аналарының келісімімен 15-17 жас аралығындағы 45 486 жасөспірімнен сауалнама жүргізіліп, облыс бойынша 780 бала «тәуекел» тобына алынды. Биылғы жылы «Bilim foundation» қоғамдық қоры Қызылорда облысына жасанды интеллект арқылы «Әлеуметтік желідегі жастардың жан күйзелісін анықтау мониторингі» пилоттық жобасын тегін енгізуді жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде жастар Facebook, Instagram, Vkontakte, Twitter, mail.ru секілді әлеуметтік желілерде тіркелген жастардың күнделікті күйзеліс посттарын автоматты түрде анықтап, психологтардың жұмыс ауқымын оңтайландыратын болады»,— деді Ақзира Қасымова.

Өңірде қордың үйлестіруімен жасөспірімдерден алынатын сауалнамалар цифрландырылып, online негізде жүргізілуде. Қазіргі таңда бұл жүйе Қызылорда қаласы мен Сырдария ауданына толық енгізілген.Атқарылған жұмыстардың ауқымдылығына қарамастан, облыста өткен жылы кәмелетке толмағандар арасында  13 суицид фактісі тіркелген. Мамандар мұндай қадамға барғандардың 80%-ның әлеуметтік материалдық жағдайының төмендігі, ата-аналарының ажырасқандығы, толық емес отбасы  жағдайы, ата-ана мен бала арасындағы кикілжің себеп болғандығын айтып отыр.

В статье: